Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа оқу жылында арнайы білім беру ұйымдарының жұмысын 9700-ден астам педагог интернет-платформаларды пайдалана отырып қашықтан оқыту форматында, сондай-ақ штаттық режимде жеке және топтарда санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып қамтамасыз ететін болады.
БҒМ баспасөз қызметінің мәліметіншен, жаңа оқу жылы қарсаңында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар мен ата-аналарға арналған әдістемелік ұсыныстар дайындалды. Сондай-ақ, Түзету педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оқулықтардың электрондық нұсқалары мен бейнесабақтар орналастырылған.
Жалпы еліміз бойынша 420 арнайы білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 195 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 98 арнайы мектеп, 14 оңалту орталығы және 38 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 75 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында 24 503 бала қолдау алады, оның ішінде мектеп ұйымдарына бармайтын 2415 бала. Жаңа 2020-2021 оқу жылында тиісті аумақтардың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің келісімі бойынша арнайы білім беру ұйымдарына қашықтан, штаттық, сондай-ақ жабық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі, - делінген ведомство ақпаратында.
Интеллектісі сақталған және ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған арнайы мектептерге карантин кезеңінде штаттық режим мен қашықтан оқыту форматынан басқа, жабық режимдегі оқыту нысаны ұсынылады. Яғни, оқушылар мен қызметкерлер мектеп-интернатта тұру үшін оқу орнына бір мезгілде келеді. Арнайы балабақшалар жалпы үлгідегі балабақшалар режимінде жұмыс істейтін болады.
ПМПК, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және оңалту орталықтары қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде өз жұмыстарын жалғастырмақ. Сонымен қатар, оқыту арнайы технологияларды қолдана отырып, қашықтан оқыту форматында да жүргізілетін болады.
Арнайы білім беру ұйымдары оқыту форматын ата-аналармен келісе отырып, өздері таңдайды.