Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтауда самбодан Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам спортшы бақ сынады.
Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшылары командалық және жеке есепте жоғары нәтижелер көрсетіп, жеңіп алған медальдар саны бойынша жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды. Армиялық спортшылар үш алтын, бір күміс және екі қола медальді қанжығаларына байлады.
Самбо – танымал әрі қарқынды дамып келе жатқан жекпе-жек түрі. Чемпионат барысында жауынгерлік рухы мықты біздің жігіттер спорттық шеберлігін жоғары дәрежеде көрсете білді. Жекпе-жек қызықты әрі тартысты өтті, – деді Орталық спорт клубының самбодан штаттық командасының жаттықтырушысы ефрейтор Асан Мәмбетқұлов.
Мерзімді қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Еркін Әділбеков осындай ірі ауқымдағы жарысқа алғаш рет қатысты. Ол 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «күміс» медальді жеңіп алып, ҚР спорт шеберіне кандидат атағына ие болды.
Турнир барысында бірқатар спортшы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және спорт шеберіне кандидат атағын алды. Жас балуандармен қатар әлем, Азия және Қазақстан чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өнер көрсетті.