Арменияда кезектен тыс парламент сайлауы қарсаңында «тыныштық күні» басталды. Осы кезеңде саяси партиялар мен блоктарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тыйым жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 00:00-ден бастап күшіне енді.
Заңнамаға сәйкес, бұл күні кандидаттар мен саяси күштерге сайлаушылармен кездесу өткізуге, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үгіт материалдарын жариялауға, сондай-ақ телеарна мен радиода сөз сөйлеуге рұқсат етілмейді.
Сонымен бірге көшелерде бұған дейін орнатылған үгіттік баннерлер мен плакаттар орнында қала береді. Оларды міндетті түрде алып тастау талабы қарастырылмаған.
«Тыныштық күні» дауыс беру учаскелерін сайлауға дайындау жұмыстары да аяқталады. Сайлау комиссияларының мүшелері бюллетеньдерге арналған жәшіктер мен техникалық жабдықтарды орнатады. Дәстүр бойынша сайлау учаскелерінің басым бөлігі мектеп ғимараттарында орналасады.
Айта кетейік, сайлауға жалпы саны 18 саяси күш қатысып отыр. Оның ішінде екі блок және 16 партия бар.
Парламентке өту үшін партиялар үшін 4 пайыздық межe белгіленген. Ал блоктар үшін шек екі партиядан құралған жағдайда 8 пайыз, екі партиядан көп болса 10 пайызды құрайды.
Сайлаушылардың қатысу көрсеткішіне қатысты ең төменгі талап қарастырылмаған.