Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Жастар жылының ашылуында көпбалалы жас ана Жазира Тұрғынова өзінің арманымен бөлісті.
«Дана халқымызда «өмірге бір қозы келсе, бір тал жусан артық шығады» деген қанатты сөз бар. Жасым 27-де. Түркістан облысының тұрғынымен. Алланың қалауымен жеті сәбиімді өмірге алып келдім. Әр баламның өмірге келуімен қатар, біздің үйде үлкен қуаныштар орын алады. Балаларымның күлкісін көріп, мен өмірге деген құштарлықты аламын. Қазіргі таңда балаларымның үлкен 11 жаста, ол менің ең бірінші көмекшіме айналды. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған осынау байтақ қазақ елімізде сәбилеріміздің көп болғанын қалаймын. Сіз өткен жылы біздің облысымыз үшін тарихи шешім қабылдап, Түркістан облысын құрдыңыз. Оның орталығы ретінде киелі Түркістан қаласын бекіттіңіз. Қазіргі таңда орталық үлкен құрылыс алаңына айналды. Онда мемлекеттік нысандар мен балабақшалар, мектептер, жастар орталығы, медициналық мекемелер, мектептер мен спорт кешендері салынуда. Мен осы бүлдіршіндерімнің келешегіне сенімдімін. Олардың нағыз азамат болып өсуіне өз күшімді, жігерімді арнаймын. Келін ененің топырағынан деп халқымызда бекер айтылмаса керек. Менің де апам он баланы дүниеге алып келген. Мен еліміздің жастарын көп балалы болудан қорықпауға шақырамын. Әр бала өз несібесімен келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бала күнімнен сізді көрсем деп армандаушы едім. Бүгін мен сол арманыма жеттім. Әсем қала Астананы көріп, менің балапандарым келешекте осынау қалада білім алып, әлемдегі мықты университтердің бірі Назарбаев университетінде оқыса деген аналық арманым бар. Сол үшін қолымнан келгенше балаларыма озық білім мен тәрбие беріп жатырмын. Әке – тірегің, ана – жүрегің. Құрметті қазақстандықтар, тіректеріңіз бен жүректеріңіз аман болсын. Сізге еліміздің көп балалы жас аналарының атынан алғысымды білдіремін», - деді Жазира Тұрғынова.
Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылы салтанатты түрде ашылды.
Жас кәсіпкер Расул Абдуллаев елімізді ребрендинг жасайтын ұйым құруды ұсынды.
«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атаумен өтіп жатқан салтанатты шараға бас қосқан белсенді жастардың бірі Тамила Розметова Астанада алма бағын отырғызатынын айтты.
Қымбат Елтайқызы
Оқи отырыңыз: