Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Баян Ахметжанова мен кәсіпкер, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық белсенді Азамат Өмірзақов кездесіп, қарияларға қамқорлық жайын сөз етті.
Кездесу барысында егде жастағы адамдардың қажеттіліктері, сондай-ақ жақын болашаққа жоспарланған іс-шаралар мәнісі талқыланды.
Айта кетейік, «Ардагер» қоғамдық бірлестігін Азамат Өмірзақов қамқорлығына алған. Үш жылдан бері ол елордада орналасқан «О'Азамат» қонақ үйінде екі кеңсені орталық игілігіне ұсынып, материалдық қолдау көрсетіп келеді.
Пандемияға байланысты қойылған шектеулерге байланысты, кәсіпкер, қарияларға мерекеге орай сыйлықтарды орталық басшысы арқылы беруді жөн санады.
Белсенді әрі ұзақ өмір сүруге арналған «Ардагер» бос уақытты өткізу орталығы компьютерлік сауаттылыққа, қазақ тілін үйретуге, киім тігіп, тоқуға арналған тренингтер, сабақтар ұйымдастырады және қарттар спортпен, йогамен айналыса алады.
1998 жылы мен «Ардагер» қоғамдық бірлестігін құруды шештім және міне 22 жыл бойы қарттарға қолдау көрсетіп келемін. Біздің орталық ардагерлерге арналған. Қарттар - біздің мақтанышымыз және асыл қазынамыз. Соңғы үш жыл ішінде Азамат Өмірзақов орталыққа толықтай қолдау көрсетіп келеді, ол үшін өте ризамыз. Өйткені кез-келген жас азамат егде адамдардың мәселелері мен қажеттіліктеріне бойлай бермейді, - дейді «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Баян Ахметжанова.