Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

17 Наурыз 2023, 10:43
7271
Бөлісу:
Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті
PHOTO
Фото: автордан

Былтыр дүйім ел болып қазақтың қамы үшін шыбын жанын шүберекке түйген  ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын тойлап, Торғайда толағай жұмыстар атқарылды деп қатырып есеп те бердік.

Алаш арысының туған жеріне су тартылып, жол да салынбақшы еді. Бірақ, сол жол азабы көктем шыға тұрғындарды облыс тұрмақ аудан орталығымен байланыс орнатуға мүмкіндік бермей сарсаңға түсіріп, тағы да сан соқтырып қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Жасыратыны жоқ қазаққа небір текті перзентті сыйлаған Торғай жері кезінде атағы алысқа кеткен облыс болды дегенге қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ сенбейтін де шығыр. Олай дейтініміздің өзіндік бір себебі бар. Ол кезінде тоқырауға ұшыраған уақытта ордалы облыс жабылып қалып, ондағы ауылдардан мән кетіп, тұрмысынан сәні  кеткен бұл өңірдің қазіргі жағдайы шыда жаным, шыда деп ит тіріліктің күнін кешуде.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Облыс басқаруға келген әкімдер үшін Қостанайдың өгей баласы секілді көкірегі өксікке толы бұл қасиетті мекеннің тұрғындары әлі де болса болашақтан үлкен үміт күтіп отыр.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Рас, былтыр қазақ елінің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бір жақсылық болады деп ауыл тұрғындары ғана емес тұтас аудан жұрты көп үміт күткен болатын. Әрине аудан бойынша біраз жұмыстар істелді. Тың жобалар қолға алынды. Бірақ, жылдар бойы қаусап отырған ел үшін бұл жұмыстар қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана еді.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Сол кезде облыстың тізгінін ұстаған Архимед Мұхамбетов бірнеше рет Торғай жұртымен бетпе-бет жолығып, осы өңірді түлетуге білек сыбана кірісеміз деп уәдені де үйіп төккен еді. Соның қатарында ауыл тұрғындарының арқасына аяздай бататын ең басты мәселе - аудан орталығы мен  облысқа қатынайтын күре жолдың болмауы. Бұл көрініс - Ахмет бабамыздың туған ауылы ғана емес Торғайдағы әрбір елді мекеннің күн тәртібіндегі басты мәселесі. Себебі, Торғайдағы барлық ауылға қатынайтын маңызды күре жолдарға асфальт төселмеген. Олардың қатарында Қызбел, Шиелі, Милісай, Ақшығанақтың тұрғындары жол азабын тартып келе жатқанына қаншама жыл.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Біз неге осы жол мәселесін қозғап отырмыз? Оның өзіндік себебі бар. Соңғы күндері Торғай өлкесінде көктем лебі сезіліп, даладағы қалың қардың көгесі сөгілді. Қар еріп, сай саланы құлай аққан  су  ырық бермей онсыз да Үкіметке жалтақтап өлместің күнін көріп отырған Ахмет Байтұрсынұлы ауылының жолын бұзып кетіпті. Бізге хабарласқан сол ауылдың тұрғыны Руслан Жақсымбетов те бұл ақпаратты растап отыр.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Осы жол бойынша кезінде облыс тізгінін ұстаған Архимед Мұхамбетов былай деп пікір білдірген еді .

Шұбалаң мен Қарасу ауылдары арасындағы автомобиль жолының бір бөлігі мен осы жолдың 6-шақырымындағы Торғай өзені арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Биыл А.Байтұрсынұлы ауылына апаратын 106 шақырым жолдың 40 шақырымнан астам бөлігін жөндеу жоспарланып отыр, келесі жылы бұл жұмыс жалғасатын болады.  Оған 2,7 млрд теңге бөлінді, - деп  осыдан бір жыл бұрын Архимед мырза ағынан жарылған болатын. 

Енді қараңыз, былтырғы жоспарланған қырық шақырым жол толық салынбай қалған. Оның басты себебі облыс әкімдігінде отырған жауапты мамандар Торғайға жол салуға баратын мердігер мекемені итпен іздесе де таба алмаған-мыс. Содан олар ұлт ұстазының мерйтойында ауыздарын қу шөппен сүрткендей болудың кебін кимеу үшін өз есептері бойынша 28 шақырым жол салып берген. Ал, қалған жолды сылап сыйпап, грейдерін тегістеп, оған қомақты қаражат кетті деп есеп жасаған. Осы арада ауыл тұрғындарының айтар уәжі бар.

Ахмет Байтұрсынұлының ауылына апаратын жолдың 28 шақырымы салынды. Мен оны осы әңгіме шығысымен әдейі барып өлшедім. Сонда кімді-кім алдап жүр. Былтыр облыс әкімі болған Архимедтің тегістеп қойған грейдер жолы бір көктемге шыдамады. Еріген қар суының қарқынына шыдамаған бұл жолдан қазір көлік тұрмақ, жаяу жүрудің өзі қауіпті. Сондықтан, бұл жолдың бойына арнайы бекет қойылып, тәртіп сақшылары ауылдан ешкімді ауданға, ауданнан ауылға жібермейді. Тәулік бойы күзет тұр. Соның салдарынан ауылдағы дүкендердегі тауарлар да қымбаттап кетті, - деп қынжылады сол ауылдың тұрғыны Руслан Жақсымбетов.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Қазір су шайған жолда жергілікті төтенше жағдайға жауап беретін мамандар жұмыс істеп, құм төсеп жатыр. Құм асфальт төселген жол арқылы камаз көлігімен тасымалданып, жол біткен жерден тракторға тиеліп, қолмен күректеп төселеп жатыр.

Негізі бұл жолдың құрылысы биыл да жалғасу керек еді. Бірақ, облысқа жаңа тағайындалған әкім Құмар Ақсақалов бұл жол құрылысын әрмен қарай жалғауға ниеті жоқ секілді.

Мен өткен айда облыс әкімінің өңір тұрғындарын қабылдау кезінде барып арнайы жолықтым. Сонда осы жолдың құрылысы осымен біткенін кесіп айтты. Өзіңіз көріп тұрсыз сонда біздің еншімізге 100 шақырымнан астам жолға бұйырғаны 28-ақ шақырым. Той да бітті. Жол да тоқтады, - деп өз наласын жеткізді Руслан.

Архимед салған жол қайда? Торғайдағы ұлы ұстаз ауылының жолын су шайып кетті

Біз осы орайда облыс әкімдігіне хабарласқанымызда жол құрылысы туралы айту әлі ерте екенін жеткізді. Өйткені, алдағы сайлаудан кейін облыстық мәслихатта бюджет бекітіледі екен. Сол кезде қарастырмақ. Ендеше үміт үзбейік.

Бес күн бой  жолсыз отырған халық  кешеден бері өздері жырылып кеткен жерді бітеп, жаяу жалпылап өтіп ауданға қатынап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы