Аргентинадағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері музыкалық аспаптарға мұқтаж мектептерді қолдауға бағытталған жаңа қайырымдылық бастаманы іске қосты. Жобаның мақсаты – балаларға музыкамен айналысуға мүмкіндік беру, олардың талантын ашу және өзге елдердің мәдениетімен таныстыру, деп хабарлайды BAQ.KZ Dimashnews-ке сілтеме жасап.
Акция өткен алғашқы орындардың бірі – Мар-дель-Плата қаласындағы генерал Хосе де Сан-Мартин атындағы №5 бастауыш мектеп болды. Музыкалық аспаптарды табыстау үшін жанкүйерлер қауымдастығының мүшелері 400 шақырымнан астам жол жүріп өтті.
Оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар үшін мерекелік шара ұйымдастырылып, оның барысында қонақтар Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы туралы айтып берді. Сонымен қатар жиналған қауымға Қазақстанның дәстүрі мен мәдениеті таныстырылды. Мектепте ұлттық киімдер, ақпараттық материалдар мен таныстырылым стендтері қойылған тақырыптық көрме де ашылды.
Тағы бір ең әсерлі сәт – мектептің музыкалық кабинетіне Димаш Құдайбергеннің есімін беру туралы шешім болды. Бұл сирек әрі символдық оқиға саналады, өйткені Аргентинадағы білім беру мекемелері әдетте атақты тұлғалардың есімін олар өмірден өткеннен кейін ғана береді. Ал бұл жолы өнер иесінің халықаралық мәдениетке қосқан үлесін мойындау ретінде ерекше жағдай жасалды.