"Рингте әрең жүр": Сәрсекбаев Олимпиададағы боксшыларды сынап тастады

1 Тамыз 2024, 09:35
4127
Бөлісу:
"Рингте әрең жүр": Сәрсекбаев Олимпиададағы боксшыларды сынап тастады
Фото: facebook.com/Bakhyt Sarsekbayev

Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Париж Олимпиадасына қатысып жатқан боксшыларды сынап тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сәрсекбаевтің сөзінше, Олимпиадаға қатысып жатқан жігіттердің физикасы өте нашар.

Боксшыларымыздың екінші раундта тыныстары қиындап, рингте әрең жүр. Көп соққы жасамайды, ал комбинациялық соққылар тіпті аз. Әйтпесе 3 минутта қанша соққы жаудыруға болады?! Физикалық дайындығымен айналысуға арнайы шақырған кубалық маман қайда қарап жүр? Бір үлкен ғылыми топ қайда? Неге біздің боксшылардың демі жетіспей жатыр? Үш раунд аяқта тұра алмайды. Не істеп жүрсіңдер шұбырып бәрің? Бірінші жекпе-жектен өте алмау деген не сұмдық? - деп жазды Сәрсекбаев.

Сондай-ақ ол лицензия алған боксшылардың жарысқа дейін өткізген жекпе-жектеріне қатысты уәжін айтты.

Әрбір боксер лицензия алғаннан Олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді? Тәжірибе бар ма? Мысалы мен жарты жылда 22 рет алаңға шықтым. Бас бапкерге айтатын сөзім жоқ тіпті..., - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы