Елімізде 85 203 ардагер бар. Биыл ардагерлерге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның көлемі 17 млрд теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 85 203 ардагер тұрады.
Олар:
- Ұлы Отан соғысының (ҰОС) 120 ардагері;
- жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 983 ардагер;
- 26 506 басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері;
- 41 594 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккері.
2024 жылы ардагерлердің аталған санаттарына 16,7 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2025 жылы осы мақсаттарға 17 млрд теңге қарастырылған, - делінген Еңбекминінің хабарламасында.
Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санатына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан, мынадай мөлшерде төленеді:
ҰОС ардагерлері – 62 912 теңге (16 АЕК);
Жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:
- ҰОС кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 27 875 теңге (7,55 АЕК);
- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 24 339 теңге (6,19 АЕК);
басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 24 339 теңге (6,19 АЕК);
- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 18 874 теңге (4,8 АЕК);
- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 8 376 теңге (2,13 АЕК).
Астана ардагерлері 5 млн теңгеден алады
Астана әкімдігінің бастамасымен Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне төленетін төлемақы мөлшері 2,5 есеге ұлғайды. Осылайша астаналық ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден беріледі. Қазір елордада 6 ардагер тұрады.
Бұдан басқа, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер (ЧАЭС қатысушылары мен мүгедектерінен басқа) (ҰОС кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілер, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан адамдар, Ленинград қаласында блокада кезеңінде жұмыс істеген азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, әскери қызметшілер, жаралануы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар, ядролық сынақтар салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдарға, мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәулеленуінен генетикалық жолмен берілген) – 45 АЕК (176 940 теңге) мөлшерінде.
Өзге мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері (Ауғанстандағы әскери қимылдардың ардагерлерінен басқа) (тәжік-ауған секторында, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясында тапсырмаларды орындаған әскери қызметшілер), Таулы Қарабақтағы ұлтаралық қақтығысты реттеуде) – 45 АЕК (176 940 теңге).
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де тұлғаларға (тыл еңбеккерлері, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы ардагерінің жұбайы) – 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде.