Астана, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Кеңес әскерінің Ауғаныстан Демократиялық Республикасынан шығарылуының 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты шара өтті.
Іс-шараға Ауған соғысы ардагерлері ұйымы қауымдастығының өкілдері, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Қ.Күрішбаев пен оқытушылар, студенттер қатысты.
Ректор Ақылбек Күрішбаев салтанатты жиынға қатысқандарды құттықтай отырып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
«Ауған соғысынан аман оралған 10 000 жуық ардагер бүгінде ортамыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр. Бүгінгі сол сұрапыл соғысты өз көздерімен көрген алты бірдей ардагер біздің оқу ордамыздың қабырғасында қажырлы еңбек етуде. Батырларымыздың ерлігі мен даңқын ұмытпай, болашақ ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Өскелең ұрпаққа Ауған соғысының тарихын айта отырып, бойларыңа патриоттық сезімді ұялату – басты парызымыз. Тәуелсіз елімізде татулық пен бірлік болсын» - деді ректор.
Салтанатты жиында Ауған соғысы ардагерлеріне ақшалай сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ арнайы дайындаған мерекелік концерт пен «Бейбітшілік сыйлаған елі үшін» хореографиялық композициясы ұсынылып, Ауған соғысы жайлы түсірілген бейнероликтің тұсауы кесілді.