Әрбір жиырмасыншы қазақстандық вакцина салдырған – Цой 

26 Сәуір 2021, 09:34
1750
Бөлісу:
Әрбір жиырмасыншы қазақстандық вакцина салдырған – Цой 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдің батыс өңірлеріндегі вакцинация процесінің баяу жүріп жатқанына қатысты пікір білдірді.

Әр өңір бойынша вакцинаның қашан жеткізілетініне қатысты нақты кесте бар. Қазақстанның Батыс өңірлеріне бірер күн бұрын жеткізілді. Бір-екі күн сайын вакцинаның жаңа партиясы түсіп отырады. Сондықтан, вакцина тапшылығы болмауы керек. Бастысы, азаматтарымыз вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне көз жеткізді. Олар антиденелер титрінің көтерілгенін көріп отыр. Қазір ағайын-туыс екпе салдыру арқылы жақындарының амандығын сақтап қалудың маңыздылығын түсінді, - деді ол.

Министрдің айтуынша, әрбір жиырмасыншы қазақстандық вакцина салдырған.

Вакцинация жақсы қарқын алып келе жатыр. Біздің негізгі міндетіміз – вакцинацияға мүмкіндік беру. Ел азаматтары оқшауланудан шығудың бірден-бір жолы вакцинация екенін жақсы түсініп отыр, - деді ол.

Алексей Цой егер вакцинация процесі баяулаған жағдайда азаматтардың қайда хабарласуына болатынын айтты.

Әрбір өңірдегі емханаларда немесе жергілікті денсаулық сақтау басқармаларында пациенттерді қолдау қызметі бар. Егер бұл мекемелерден де еш жауап ала алмаса, әр аймақта өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бар. Осы мекемеге де хабарласуға болады. Бұл жерде ажиотаж болмауы керек, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін министр Цойдың алғашқылардың бірі болып «QazVac» вакцинасын салдырғанын хабарлаған едік.
Өзгелердің жаңалығы