Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айына дейін арақ ішкен адамның оразасы қабыл бола ма деген сұраққа қатысты пәтуа жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚМДБ мәліметінше, адам шын тәубе етсе, істеген істің күнәсі жойылады.
Арақ-шарап ішу – дінімізде харам, үлкен күнә саналады.
"Кімде-кім арақ ішетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды", - деп түсіндірді мүфтияттан.
Имам Науауи хадистегі "намазы қабыл болмайды" деген сөзді парызы мойнынан түседі, бірақ сауабы жоғалады деп түсіндірген.
Демек намаз сауабының жоғалуы тәубе етпей, арақ ішуді доғармауына байланысты. Егер шынайы тәубе етсе, бұл жаза (намаздың сауабы жоғалуы) да оның мойнынан түсіріледі. Өйткені шынайы тәубе алдыңғы істеген күнә істі жояды.
Осыған орай ораза ұстаушы Рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ ішуін доғармаса, оразасы дұрыс болады, бірақ сауабы болмайды. Арақ ішкені үшін күнә арқалайды.