Қарақат Әбілдина: Қазақстанда садақаны ең көп беретін - әншілер

15 Сәуір 2020, 23:23
4546
Бөлісу:
Қарақат Әбілдина: Қазақстанда садақаны ең көп беретін - әншілер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина Instagram парақшасында әншілерді жерден алып жерге салатын сыншыларға ренішін білдірді.

Әншілердің WhatsApp желісінде ортақ чатымыз бар. Өнерге еңбегі сіңген нағыз майталман апайларымыз сонда.Отырсақ опақ, тұрсақ сопақ болғанымыз рас. Қит етсе, бізді сынау әдетке айналды. Елдегі болып жатқан бар жағдайға әншілер кінәлі. Не істейміз енді? Еш шақыруға бармайық, концерт бермейік, әлеуметтік желіден көрінбейік пе? Қазір онсыз да бәрінен көңіліміз қалды, - дейді Қарақат.

Оның айтуынша, өнердің талабы әншілердің жарқырап жүруі.Сахна шартына сай жарқырап жүруге бар тапқан табысымызды саламыз, көрермен алдындағы жауапкершілігіміз бар деп отыр. 

Айыбымыз да осы шығар. Алайда бұл әншілердің төрт құбыласы тең дегенді білдірмейді ғой. Барлығымызда басымыздан асатын мәселе жетеді, ағайын-туысқа қарасамыз, бала-шаға бар. Басында баспанасы жоқ әріптестер қаншама. Бірақ елдің алдында ешкім әлсіздігін көрсетпеуге тырысады. Онсызда негатив көп заманда, бізді көріп халықтың көңілі жадырасын, еңсесі түспесін деп отырамыз, - дейді әнші.

Оның айтуынша, өнер жұлдыздары ауырған баласын, ай сайын кредит төлемін ойлап тұрса да, ел алдына күліп шығады екен.

Табыс тапсақ, ешкімнен тартып алып жатқанымыз жоқ, ұзақ жылғы еңбек, Алланың берген несібесі. Садақаны ең көп беретін де әншілер, бірақ оның бәрін жариялап, есеп беру міндет емес. Жұрттың бәрін жарылқау тағы мүмкін емес. Өкінішке қарай, себепті-себепсіз әншілерге тіл тигізу көбейді. Бұл менің ғана емес, жоғарыдағы өнер иелерінің біразының назы, - Қарақат Әбілдина.

Осындай кезеңде бір-бірімізді табаламай, ел болып бірге аман өтуді ойласақ екен деген ұсынысын айтты.

Сын жөнімен, әділ айтылса екен дейміз. Қазақтың жауы әншілер емес қой. Роза Бағланова апаларымыз кезінде жауынгерлердің еңсесін көтеруге атсалысса, бүгінгі заманда біз де елді сабырға шақырып, көңіліне демеу болуға үлес қосудамыз. Бұд аяқасты жазылып отырған әңгіме емес, көптен бері қордаланған мәселе, - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
Өзгелердің жаңалығы