Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 18 сәуір сағат 00.00-ден бастап жұмыс орнынан берілген анықтама Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қаласы, Бұқар жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Көкпекті, Ботағара, Ғ. Мұстафин, Петровка елді мекендерінде жарамсыз болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жазылған.
Өткізу жүйесі тек электронды түрде жұмыс істейтін болады және тек карантин кезеңінде жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындар тізімі жасалады.
Егер жеке автокөлікпен, велосипедпен жұмысқа барсаңыз, жаяу жүрсеңіз, қала аудандары арасындағы жұмыс бойынша қозғалсаңыз электрондық базадағы тізімде болуыңыз керек. Өтінішті тек жұмыс беруші ғана Propusk.kz сайтында онлайн режимде ғана беруі тиіс. Аталмыш сайт 2020 жылдың 17 сәуірінен жұмыс істей бастайды. Егер кәсіпорындардың қызметі қабылданған нормалармен реттелмеген болса, жергілікті әкімдіктер өтінімді қабылдамау құқығы бар екеніне назар аударамыз, - делінген хабарламада.
Бұл шара халық ағынын азайтуға бағытталған. Себебі карантин ережесін бұзған және жарамсыз анықтама беру фактілері тіркелген. Электрондық базаны енгізу арқасында коронавирустың таралуына жол бермеу шарасы күшейтіледі.
Айта кететін маңызды жайт, жұмыскерлерге рұқсаттама мен арнайы рұқсаттар енді берілмейді! Тек электрондық база жұмыс істейтін болады. Қосымша сұрақтарға жауапты электронды деректер базасы бойынша 109 нөміріне қоңырау шалып, алуға болады, - делінген хабарламада.
Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарында электрондық базаны енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады және жұмыс орнынан қағаз анықтамалар әлі де жарамды болады.