Қарағандылық журналистерге "Алтын сұңқар" сыйлығы табыс етілді

27 Маусым 2020, 14:15
2333
Бөлісу:
Қарағандылық журналистерге "Алтын сұңқар" сыйлығы табыс етілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің "Алтын сұңқар" сыйлығы табыс етілді. Марапатқа 120-дан астам редакция қызметкері үміткер болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің сайты.

"Алтын сұңқар" сыйлығы осыдан 14 жыл бұрын құрылған болатын. Осы уақыт аралығында 192 журналист және 5 БАҚ ұжымы марапатқа ие болды.

Биылғы жылы карантинге және жаппай шараларға тыйым салуға байланысты салтанатты рәсімнен бас тартуға тура келді. Марапаттың теленұсқасы Saryarqa облыстық арнасының эфирінде көрсетіледі.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен журналистика ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Мен соңғы жылы көптеген адамдармен жақын қарым-қатынаста болдым. Бұл ресми сұхбат немесе брифингтер ғана емес, сонымен қатар телефон, мессенджерлер арқылы жұмыс барысындағы мәселелерді талқылау, немсе жұмыс сапарлары кезінде байланыста болдым. Әрқашан мен сіздердің өз тақырыптарыңызды қаншалықты терең меңгеріп жатқандарыңызға және өңіріміз үшін жанашыр болатындарыңызға таңданамын. Пандемия кезінде адамдар сыбыстар мен қауесеттен шаршады. Сіздер шынайы ақпаратты жеткізуге және үрейге жол бермеуге көмектесесіздер. Бұл сіздердің жоғары кәсіби деңгейлеріңізді көрсетеді. Және біз үшін бұл үлкен қолдау, - деді Жеңіс Қасымбек. 

Облыс әкімі "Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін" арнайы сыйлығының иегерін атады. Осы ерекше марапатқа аудандық "Қарқаралы» газетінің ұжымы ие болды. Бұл облыстың ең көне басылымдарының бірі, биыл газетке 90 жыл толды.

Облыс әкімінің сыйлығы тағы 10 номинация бойынша тапсырылды.

Лауреат атанғандар:

Батырбек Мырзабеков, Ұлытау ауданының журналистика ардагері, ҚР құрметті журналисі,Қазақстан ЖазушыларОдағының мүшесі – «Мамандығына адалдығы үшін»;

Ләззат Қожахметова, «Айқын» республикалық газетінің меншікті тілшісі, - «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін»;

Олег Битнер, 101TV.KZ қоғамдық интернет-теледидарының операторы және фото тілшісі, - «Объектив шебері»;

Салтанат Балтабай, «Жаңаарқа» аудандық газетінің тілшісі, - «Ауыл тақырыбын үздік жариялау»;

Мақпал Орынбетова, «Дидар» телеарнасы директорының кеңесшісі, бас продюсер, - «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау»;

Ботабек Тілегенов, Saryarqa облыстық телеарнасының редакторы, - «Өндіріс тақырыбын үздік жариялау»;

Анна Строкова, «Ekaraganda.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі, - «Алғашқы табыстары үшін»;

Жаслан Иса, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының директоры, - «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы»;

Марал Әйнекова, «Ortalyq Qazaqstan» облыстық газетінің аға дизайнер-бет қаттаушысы, - «Мәнер мен атқарымдылық үшін»;

Фархат Кенжетаев, «Индустриальная Караганда» облыстық газетінің тілшісі, - «Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағыны және насихаттағаны үшін»».

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Оларға дипломдар мен естелік мүсіншелер табыс етілді.

Өзгелердің жаңалығы