Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа электрондық жүйе жұмысының алғашқы күнінде Қарағандыда бірінші сыныпқа қабылдау үшін 1015 өтініш берілді. Олардың барлығы әлі қарастырылу сатысында. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Ал бұрынғы тәсілмен, мектеп кеңселері арқылы бірінші сыныпқа 156 бала қабылданды.
school.kargoo.gov.kz сайтында өтінімдерді қабылдау 1 маусымда басталды. Мұнда бірінші сыныпқа балаларды қабылдайтын 79 қалалық мектептердің тізімі келтірілген.
Бірінші сыныпқа қабылдаудың жаңа жүйесі осы жылдың 15 мамырында таныстырылды. Порталда баланы мектепке орналастыру, бір мектептен екіншісіне ауыстыруға және оқушыларды жазғы лагерьге қабылдауға өтініш беруге болады. Мәліметтер базасында барлық мектептердің толық тізімі бар. Жаңа жүйе бір сыныпқа 25 баладан артық қабылданбайтындай етіліп құрылған. Осылайша сыныптардың шамадан тыс толып кетуінің алдын алады.
Өтінішті дұрыс ресімдеу үшін баланың электрондық фотосуреті, оның туу туралы куәлігінің скан нұсқасы және баланың денсаулық паспортының сканерленген 1, 17 және 18-ші үш беті қажет. Өтініш беруші құжаттардың қарауға қабылданғаны туралы СМС-хабарлама алады.
Бірінші кезекте таңдалғанг мектепке тіркелген мекенжайы сәйкес келетін балалар қабылданады. Биылғы жылы тіркелген мекенжайға сай келмейтін мектептерге балаларды қабылдауға 6 899 квота бөлінген. Ол жеңілдіктер кімге берілетіні тамызда шешілетін болады.
Балаларды мектепке қабылдау мәселесі бойынша 50-78-81 нөмірі бойынша «жедел желі» жұмыс істейді.