Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында жолаушы толы автобус жолдан шығып кетіп, далада қалған. Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары 41 адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Құтқарылғандар арасында 6 бала бар.
3 наурыз күні таңертең Қарағандыдан Урожайное елді мекеніне бағыт алған жолаушылар автобусы діттеген жеріне жете алмаған. Автобус Осакаровка ауданының Осакаров елді мекенінен 11 шақырым қашықтықта жолдан шығып кеткен. Жолаушылар автобусында 41 адам болған, оның алтауы бала.
"3 наурыз күні 15 сағат 52 минутта облыстық деңгейдегі "Нұра-Оскаровка" күре жолынан шығып кетіп, жүре алмай қалған "Мерседес-Бенц" маркалы автобустың жолаушылары құтқарушылардың күшімен Осакаровка елді мекеніне эвакуацияланды", - дейді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, құтқарылған жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Олардың жағдайы қалыпты.
"Аталған жолда қалған тағы бір жеңіл көлік жолдың күрелген жеріне сүйреп шығарылды. Көлікте төрт адам болған. Олар да медициналық көмекке жүгінген жоқ", - дейді Жанна Дәуренбекова.
ТЖҚ тұрғындардан ауа-райының қолайсыздығына байланысты алыс жолға шықпай, қауіпсіздік шараларын сақтауларын сұрайды.