Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің Antikor ortalyǵy сервистік орталығының алаңында Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша Protecting business and investments жобасын іске асыру жолдарын талқылау бойынша кездесу өтті.
Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы төрт келісімге қол қойды.
Кездесу Мемлекеттік органдардың, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «Атамекен» ӨКП Өңірлік өкілдерінің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеудегі кәсіпкерлер мен инвесторлардың қатысуымен өтті.
Іс-шара барысында Қарағанды облысында инвестициялық жобаларды іске асыратын Қазақстан, Иран және қытай инвесторларымен (Yutong автобус шығаратын зауыт, «Син Бан» МТНК» ЖШС, «Kaz Green Energy» ЖШС, «Irkaz Metal Corporation» ЖШС) бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы төрт келісімге қол қойылды.
Келісімнің мақсаты - инвестор жобасын Қазақстан аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуді, оның ішінде оны іске асыру кезінде барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюды бірлескен күш-жігермен қамтамасыз ету.
Жоба қолайлы инвестициялық ахуал жасауға, Бизнестің билік институттарына деген сенімін арттыруға, шет елдерде елдің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуге арналған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары кәсіпкерлер өз бизнестерін еркін және жайлы дамыту үшін өз құзыретіндегі барлық жағдайды жасауға ниетті. Инвестор үшін келісімнің жалғыз талабы - адал және ашық бизнес жүргізу міндеттемесі болып отыр.