Қарағандыда әкімдік қызметкерлері цифрлық сауаттылыққа үйренді

21 Маусым 2019, 16:35
1981
Бөлісу:
Қарағандыда әкімдік қызметкерлері цифрлық сауаттылыққа үйренді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» екі мыңнан аса әкімдік қызметкерлерін egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалану дағдыларына үйретті. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Олардың барлығы қысқа мерзімді курстан өткендігі туралы сертификаттар мен жаттықтырушы атағын алды. Тыңдаушылар одан әрі аудан әкімдіктерінің қызметкерлерін, өз қалалары мен облыстарының тұрғындарын тегін оқытады деп жоспарлануда, осылайша цифрлық сауаттылық сабақтарымен жарты миллион адам қамтылмақ.

Электрондық үкімет пен е-мемлекеттік қызметтерді пайдалануды оқыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының адами капиталды дамыту жобасы шеңберінде жүргізіледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, мемлекеттік корпорацияның тікелей қатысуымен азаматтарды цифрлық сауаттылыққа оқыту мақсатында«Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» тақырыбында арнайы оқу бағдарламасы әзірленді.

«Біз ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, уақыт өте келе, электрондық қызметтерді алудың жаңа тәсілдерін игеру маңызды. Бүгінгі таңда мемлекеттік корпорация өзінің кең инфрақұрылымы арқасында азаматтарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алудың маңыздылығын жеткізіп қана қоймай, оларды пайдаланудың оңай жолдарын үйретіп, қызметтердің барлығына бірдей қол жетімділігін көрнекі түрде көрсетіп келеді. Және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», - деді Балташева.

Оқыту барысында жаттықтырушыларғамемлекеттік қызметтерді алудан басқа базалық цифрлық дағдылар, электрондық сауда, ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне үйретіп, «Ашық үкіметтің» пайдасы туралы айтылды. Сонымен қатар, қысқа мерзімді курстарда кемінде жарты миллион қазақстандық цифрлық дағдыларын жоғарылатпақ.

Айта кету керек, 2018 жылы мемлекеттік корпорация мамандары жергілікті әкімдіктердің үш мыңнан асақызметкерін оқытып, ал олар өз кезегінде 600 мыңнан аса адамды цифрлық дағдыларға үйреткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы электрондық қызмет көрсету орталықтарында (цифрлық ХҚКО) тақырыптық сабақтар өтетін оқыту сыныптарыжұмыс жасайды. Мұнда білімін жетілдірген азаматтарға электрондық сертификаттар табысталады. Үстіміздегі жылдың 5 айында цифрлық ХҚКО-ларда барлығы 167 мыңнан аса сертификат берілді.

Өзгелердің жаңалығы