Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда 33 жастағы азамат бағасы арзан ұялы телефон сатумен айналысамын деп тұрғындарды алдап, тақырға отырғызған. «Аңқау елге арамза молда» болған алаяқ шамамен 50 миллион теңгені қолды еткен. Күдікті тергеу изоляторына қамалды, қылмыстық іс қозғалды.
«Ол клиенттерінің сеніміне кіру үшін алдын-ала дайындалған буклеттерді, прайс-парақшаларды, сондай-ақ телефон маркасын таңдауға арналған әлеуметтік желідегі парақшасын көрсеткен. Алаяқ келісімшартта көрсетілген уақыт аяқталғаннан кейін әртүрлі сылтаулармен уақыт оздырған. Ол тұтынушыларына тауардың кешігіп жатқанын, шекарада бірқатар мәселелер туындағанын айтып, алдаған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған. Оған қатысты тергеу жүргізілуде. Орталық полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы, 3-тармағына сай іс қозғады», - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз xатшысы Бақытдан Құдияров.
Полиция қызметкерлері күдікті азаматтың ісінен жапа шеккендердің Қарағанды қаласының Орталық полиция бөліміне xабарласуға кеңес береді.