Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының Қарқаралы, Нұра, Бұқар жырау, Абай және басқа аудандарында астық жинау басталды. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.
Биыл барлығы 884 мың гектардан астық жиналады."Тамыз айының басында негізгі астық егетін аудандар – Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра алқаптарын қарап шықтық. Жиын-терім жұмыстарына дайындықпен және ауыл шаруашылық дақылдары егістігінің жай-күйімен таныстық. Дәнді дақылдардың түрлік өнімділігі жақсы. Алайда, шілдеде және тамыздағы қолайсыз ыстық ауа райы астықтың толысуына әсер етті", - деп мәлімдеді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов.
Биылғы жылы бидай 631 мың гектардан, арпа – 200 гектардан, сұлы - 16 мың гектар жерден жиналады. Осы жылы майлы дақылдар 24 мың гектар алқапқа егілді. Картоп жинау 10.4 гектар, басқа көкөніс 1,5 мың гектар алқапта өтеді.
Егін жинау жұмыстарына 2 344 астық жинайтын комбайн, 60 картоп жинайтын және 72 картоп қазатын комбайн жұмылдырылады.
"Келесі жылы картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз егу алқаптарын ұлғайту қажет. Бізде көкөністерге сұраныс жоғары, оларды сақтау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, көкөніс қоры қысқы - көктемгі кезеңде олардың бағасының өсуін бақылауға мүмкіндік береді", - деп тапсырды Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Өңір басшысы сондай-ақ егін жинау мәселесін жеке өзі қадағалайтынын атап айтты.