Қарағанды облысы: қаңтар айында 57 мың шаршы метр баспана тапсырылды

11 Ақпан 2020, 01:35
1091
Бөлісу:
Қарағанды облысы: қаңтар айында 57 мың шаршы метр баспана тапсырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Қаңтар айында Қарағанды облысында 57.2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы өңірдегі экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов хабарлады.

 Жыл басталғалы аймақта 10.3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй және 34.4 мың коммерциялық тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұнан өзге 13 мың шаршы метр мемлекеттік сектордағы тұрғын үйге тиесілі екен.

Биыл құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштерге біз "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және "Өңірлерді дамыту - 2020" есебінен қол жеткіземіз. Биылғы жылы Сәтбаев қаласында 5 бес қабатты тұрғын үй құрылысы, облыстық маңызы бар автожолдарды қайта жаңарту, жолдарды күрделі және орташа жөндеу, Кешенді құйма зауытының, патрондық зауыттың құрылысы және тағы басқалар жоспарланған, - деп атап өтті басқарма басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар берілген мәліметтер бойынша, биыл өңірде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өсімі күтілуде. Болжам бойынша, өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 110%-дан кем болмайды. Түсті металдар кендерін өндіру 20%-ға, сондай-ақ болат өндіру 92,7%-ға және мыс өндіру 7,2%-ға өсуі есебінен ұлғаяды.

Тау-кен өнеркәсібінде жоспар бойынша өсім металл кендерін өндіру есебінен 10% құрайды.

Өңдеу өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, фармацевтика және машина жасау салаларындағы көрсеткіштердің артуы күтілуде.

Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі мал шаруашылығы өнімдерінің үлкен көлемі есебінен 101% құрауы тиіс. Ірі қара мал басы 2,8%-ға ұлғайып, 565 мың басты құрайды деп күтілуде. Жылқы - 5,2%, бұл 317,6 мың басқа тең. Құстар 1,4%-ға артық болады. Мал басының артуы нәтижесінде облыста жылдық ет өндірісі 9,8 мың тоннаға, сүт 10,2 мың тоннаға, жұмыртқа 60,1 млн данаға жетеді.

Алдағы уақытта дәнді және бұршақты дақылдарды 895,5 мың га алқапқа егу көзделіп отыр. Бұл 2019 жылғы деңгейден 3,7%-ға артық болмақ. Майлы, көпжылдық және бір жылдық шөптер 87,7 мың га аумақты алады. Картоп 16 мың гектарға, көкөніс 3 мың гектарға отырғызылады деп жоспарлануда. 
Өзгелердің жаңалығы