Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ауа райының күрт өзгеруіне, атап айтқанда боран, жел екпінінің 25 м/сек-қа дейін ұйытқуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға бүгінгі күні барлық тас жолдар (Нұр-Сұлтан-Қорғалжын бағыттарынан басқа) жабық екенін хабарлады.
Бұл туралы ТЖД басшысы Бауыржан Сыздықов мәлімдеді.Өздеріңізге белгілі 22 қаңтар күні дауылды ескерту болатын болған. Желдің ұйытқуы, қар, боран және көктайғақ болады деп ескерттік. Қазіргі таңда 1200 техника жұмылдырылды. 2 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Қорғалжын тасжолынан басқасынын барлық жол жабық. Білім басқармасының шешімі бойынша бүгін 1-ауысым үшін 0-11-сынып оқушылары мен бірінші ауысымдағы колледждердің 1-2-курс студенттеріне сабақ тоқтатылды,- ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов.
Оның айтуынша, "112" шұғыл телефон қызметіне 23 қаңтарда 00 сағат 00 минуттан бастап 1639 қоңырау келіп түсті, оның 85% - ы тас жолды ашылуы және сабақты тоқтату мәселелері бойынша хабарласқан.
Елордалық құтқарушылар қар құрсауында қалған азаматтарға өткізгіштігі жоғары Трэкол, Нива-Марш техникалары арқылы көмекке келді, қар құрсауынан бір тәулік ішінде (22-23 қаңтар) 19 адам құтқарылды (23.01.2020 ж. 00-10 Ақмола облысы Целиноград ауданы, Ынтымақ ауылына дейін 8 км. жедел-құтқару жасағы күшімен қар құрсауында тұрып қалған 5 автомашинадан 19 адам құтқарылып, Ынтымақ ауылына жеткізілді, - деп айтты департамент бастығы.Айта кетейік, жылдың басынан бері қар құрсауынан 62 адам құтқарылды, 5 адам эвакуацияланды.
Қазгидромет мәліметіне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында 23 қаңтарда қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді.