Әр балаға 70 мың теңге: Министр жәрдемақыға қатысты пікір білдірді

1 Қараша 2024, 17:55
892
Бөлісу:
Әр балаға 70 мың теңге: Министр жәрдемақыға қатысты пікір білдірді
Фото: Арман Мухатов - Архив

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы беруге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Естеріңізде болса, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды ұсынып, сауал жолдаған болатын.

Министр бұл бастамаға қатысты пікірін білдірді.

Бұл - қазір қоғам мен көпбалалы аналардың күн тәртібінде тұрған өткір мәселе. Мұның барлығы бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болады. Бізде әлеуметтік пакеттер бойынша өзгертулер күтіп тұр. Ол бюджеттің шағын қаражатын қажет етеді. Біз оған бизнес-процестердің трансформациялануы, цифрлануы және мемлекеттік артық қызметтерді қысқарту арқылы келе жатырмыз. Содан кейін балаларға шартсыз төлем жасауға келеміз. Қазір бұл шешімді қабылдасақ, салық төлеушілерге ауыр болады, - деп түсіндірді Жақыпова журналистермен кездесуде.

Еңбекмині басшысы бүгінде бюджет 6 трлн теңге көлемінде болса, ол 38 пайыз екенін айтты.

Елімізде 5 млн бала бар. Оларға мұндай төлем жасауға 3 трлн теңге керек болады. Бізде ондай мүмкіндік бар ма? Бұл салықты 10 пайыз емес, 20 пайызға өсіру керек деген сөз. Біз оған дайынбыз ба? Қазір жергілікті деңгейде бағдарламалар көп. Бюджет бойынша аудит өткізгенде жәрдемақылардың 144 түрі бар екенін анықтадық, - деді Светлана Жақыпова өз сөзінде.

Өзгелердің жаңалығы