Елімізде 1 ақпаннан бастап балалардың шотына 100 доллар 52 центтен түсе бастады. Бүгінде бағдарламаға 7 млн-ға жуық кәмелет жасына толмаған бала қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бағдарлама жайлы халықтың сұрағы әлі де бар. Неге шотқа ақша тек доллармен түседі? Жылына шотқа неше рет төлем түседі? Төлемді қашан және кім ала алады? Осы сияқты сұрақтарды “БЖЗҚ” АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
1 ақпаннан бастап қазақстандық балаларға Ұлттық қордан алғашқы қаржы аударыла бастағанын еске сала кетейік.
7 млн бала бағдарлама қатысушысы
“БЖЗҚ” АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелгенін атап өтті. Олардың барлығына бірдей 100 доллар 52 цент мөлшеріндегі сома аударылды.
Бұл сома жылына бір рет қана аударылады. Келесі жылы инвестициялық табыспен қоса тағы осындай төлем 18 жасқа толмаған әр баланың жинақ шотына аударылады.
Бұл алғашқы төлем. Ал жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Сондай-ақ есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі, - деп түсіндірді ол.
Шәріповтің сөзінше, 18 жасқа 2024 жылы толатын 304 815 балаға аталған сома олардың БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Олар өздерінің нысаналы жинақтарын кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үйге немесе білім алуға бірден пайдалануға құқылы.
Бағдарлама жұмысының алғашқы бес күнінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім беру ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақтарды төлемін алуға 30-дан астам өтінім келіп түсті. Олар бойынша уәкілетті операторда ашылған шоттарға төлемдер жүргізілді, - деп ол.
Балалар туралы барлық мәліметті БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан (ЖТ МДҚ) алды. Республиканың өңірлері, ондағы балалардың жасы, жынысына қарай есептелген сомалар бойынша статистикалық есеп enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.
Ең көп бала Түркістан облысында
Статистикалық деректерден бағдарламаға қатысушы балалардың ең көп саны Түркістан облысында тұрады. Облыстағы 922 841 балаға 92 763 977,32 доллар есептелген. Оның ішінде 18 жасқа биыл толатын 41 968 баланың жинақтау шоттарына 4 218 623,36 доллар есептелген.
Балалар саны бойынша екінші орында - Алматы қаласы. Мегаполистегі 666 443 балаға 66 990 850,36 доллар есептелген. Оның ішінде 18 жасқа биыл толатын 26 621 баланың нысаналы жинақтау шоттарына 2 675 942,92 доллар есептелген.
Үшінші орында - Алматы облысы. Облыстағы 608 711 балаға 61 187 629,72 доллар есептелген. Оның ішінде 18 жасқа биыл 26 802 бала толады. Олардың жинақтау шоттарына 2 694 137,04 доллар есептелді.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы балаларға тиесілі
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылдық мәнде 1,39 миллиард доллар болды. Бұл Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірісі. Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі 2,6% болды. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% – бұл 2024 жылы есептелетін нысаналы талаптар сомасы - 695,5 миллион доллар.
БЖЗҚ-ның «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алған мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарының тізімі жасалды. Оның құрамына 6 919 131 бала кірді, ішінде 2024 жылы 18 жасқа толатын 304 815 қатысушы да бар.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% мөлшері (695,5 млн доллар) бағдарламаға қатысушылардың санына (6 919 131 бала) бөлінді және олардың әрқайсысы 100,52 доллардан алды.
«Ұлттық қор – балаларға»: Бағдарламаның мақсаты мен ережесі
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру.
Бағдарлама аясында балаларға бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың басында Ұлттық қордан инвестициялық кірісті қоса алғанда, нысаналы талаптар түріндегі қаражат олар 18 жасқа толғанға дейін есептеледі.
Бала 18 жасқа толған жылы оның нысаналы талаптары АҚШ долларындағы ақшалай баламасы түрінде көрсетілген және 18 жасқа толған нысаналы жинақтарды алушылар тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалануға құқылы БЖЗҚ - дағы нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) есептелген нысаналы жинақтар мәртебесіне ие болады, - деді Мұрат Шәріпов.
Нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі шарттар БЖЗҚ-дан нысаналы жинақ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдаланудың тиісті қағидаларында реттелген.
Бағдарламаға кім қатыса алады?
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары ретінде қоса алғанда 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанда туған Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын балалар тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады.
БЖЗҚ жыл сайын ЖТ МДҚ негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылса, ол автоматты түрде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болады және оған нысаналы талаптар есептелетініне кепілдік беріледі.
Егер бала қандай да бір себептермен нысаналы талаптарға қатысушылардың тізіміне енгізілмесе және олардың жалпы санын есептеу кезінде ескерілмесе, бірақ осындай қатысушы болуға құқығы болса, онда нысаналы талаптар өтініш берген жылдан кейінгі жылы өткізіп алған кезең үшін есептеледі.
Ақша түскенін қайдан тексеруге болады?
Баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысуға, нұсқаулықтар, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады.
Айта кету керек, бағдарлама жұмысының бірінші күні - 2024 жылдың 1 ақпанында бұл бөлімге 2 миллион 700-ден астам адам кірді. ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн сұраныс өңделді, - деп айтты БЖЗҚ өкілі.
Сондай-ақ әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен тексере алады.
Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетінде, БЖЗҚ ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.
Егер бала қандай да бір себептермен 2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылардың тізіміне енбесе, балалардың заңды өкілдері мынадай құжаттар мен деректерді тексеруі керек:
- балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бастап Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі);
- жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы және олардың дұрыс көрсетілуі: аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығы;
- "электрон үкімет" веб-порталындағы "Цифрлық құжаттар" бөлімінде өзінің Жеке кабинетінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы. Бұл ресурста бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады.
Егер балада:
- жеке басын куәландыратын құжат жоқ, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға (ХҚКО) жүгіну қажет;
- азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінген жөн.
ЖТ МДҚ-ға қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісі өткізіп алған кезеңді ескере отырып, келесі жылы толық есептеледі.
Бағдарламаның негізгі шарттары
- 18 жасқа толған балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан БЖЗҚ-ға доллармен аударылады және БЖЗҚ-да доллармен сақталады. Бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы өз ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдағанда, ол уәкілетті операторға өтініш береді және БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған банктік шотына, АҚШ долларымен аударады. Бұдан әрі, уәкілетті оператор жинақтарды тұрғын үй мен білім алуға аударған кезде ақша аударым сәтінде өзекті болатын валюта бағамы бойынша АҚШ долларынан теңгеге айырбасталады. БЖЗҚ-мен келісім жасасқан және «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін уәкілетті операторлардың тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған.
- Ұлттық қордан берілетін нысаналы жинақтар төлеміне жеке табыс салығы салынбайды. Сонымен қатар БЖЗҚ өз қызметі үшін комиссия алмайды.
Бала қайтыс болса, төлем мұрагеріне беріледі
Нысаналы талаптарға қатысушы қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда нысаналы талаптарды есептеу тоқтатылады.
Нысаналы талаптарды/нысаналы жинақтарды нысаналы талаптарға қатысушының/нысаналы жинақтарды алушының қайтыс болуына байланысты алу мақсатында олардың мұрагерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіне алады.
Мүлікке мұрагерлік құқығы жөніндегі мәселелер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 6-бөлімінде (Ерекше бөлім) реттелген. Баланың жинақтарын алушы мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатқа пайдалана алады.
Шетел азаматтығын алған балаларға төлем жүргізілмейді
Қазақстан Республикасының азаматтығы 18 жасқа толғанға дейін немесе одан кейін тоқтатылған кезде нысаналы талаптарға қатысушы немесе нысаналы жинақтарды алушы нысаналы жинақтар төлемін алу құқығынан айырылады, бұл ретте:
- Қазақстан азаматтығын тоқтатқан қатысушының нысаналы талаптары белгіленген тәртіппен нысаналы талаптардың басқа қатысушылары арасында бөлінеді;
- алушының нысаналы жинақтары ЖТ МДҚ-дан нысаналы жинақтарды алушының Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқандығы туралы мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде алушының НЖШ есебінен шығарылады және БЖЗҚ-ның нысаналы жинақтарды алушылар алдындағы келесі есепті жылғы міндеттемелері ретінде есепке алынады. Бұл ретте нысаналы жинақтарды алушының нысаналы жинақтау шоты жабылады.
18 жасқа толғаннан кейін баланың қаржысы шотында 10 жыл сақталады
Бағдарламаға қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл өткен соң қатысушының пайдаланбаған нысаналы жинақ сомасы БЖЗҚ-да қала береді және нысаналы жинақтау шотынан оның ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған жеке зейнетақы шотына аударылады, - деп айтты БЖЗҚ өкілі.
Ерікті зейнетақы жинақтарын пайдалану шарттары мен тәртібі ҚР зейнетақы заңнамасында көзделген.
Баланың жинағына ешкім тиісе алмайды
Ұлттық қордан нысаналы жинақтар төлеміне қандай тыйым бар:
- банктік шоттардағы ақшаға тыйым салу немесе өндіріп алу;
- банктік шоттардағы ақша қаражаттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
- ақшаны жинақты алушының келісімінсіз алып қою;
- банктегі ақшаны қажетіне жаратуды уақытша шектеу.
- жеке табыс салығын салу.
Нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы жинақтарды ескере отырып, нысаналы жинақтар төлемін жүзеге асырумен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) айналысады.
Айта кету керек, БЖЗҚ әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибеге, дербестендірілген есеп пен қашықтықтан көрсетілетін қызметтің бірегей ақпараттық-технологиялық жүйелеріне, халыққа қолжетімді қызметтер көрсету бойынша дамыған өңірлік желіге ие.
БЖЗҚ міндеті:
1) нысаналы жинақтарды есепке алу және олардың есебін жүргізу үшін нысаналы жинақтау шоттарын ашу;
2) нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алу, нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы жинақтарды есепке алу және есебін жүргізу, нысаналы жинақтарды алушыға нысаналы жинақтау шотынан уәкілетті операторлардың шоттарына төлем жасау, нысаналы жинақтардың қайтарылуын есепке алу;
3) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының интернет-ресурсы және (немесе) "электронды үкімет" веб-порталы арқылы мынадай мәліметтерді ақысыз ұсыну:
- нысаналы талаптарға қатысушыға немесе оның заңды өкіліне нысаналы талаптар сомасы;
- нысаналы жинақтау шоты ашылған күннен бастап нысаналы жинақтарды алушы сұрау салған кез-келген күнге нысаналы жинақтау сомасы;
4) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында нысаналы жинақтарды АҚШ долларымен төлеуді уәкілетті операторда ашылған нысаналы жинақтарды алушылардың шоттарына, сондай-ақ, қайтыс болған не заңды күшіне енген сот шешімімен қайтыс болды деп жарияланған нысаналы талаптарға қатысушылардың немесе нысаналы жинақтарды алушылардың мұрагерлерінің уәкілетті операторда ашылған банк шоттарына жүзеге асыру;
5) нысаналы жинақтарды есепке алу, төлеу және қайтару мәселелері бойынша уәкілетті оператормен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
6) нысаналы жинақтарды алушы он сегіз жасқа толғаннан кейін он жыл ішінде пайдаланылмаған нысаналы жинақтарды нысаналы жинақтау шоттарынан ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударуды жүзеге асыру.
Еліміздің маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы Ұлттық қордың басты парызын орындауға бағытталған: болашақ ұрпақ үшін жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын үнемдеу.
Бағдарламаның енді ғана басталғанын, нысаналы талаптар сомасының Ұлттық қордың өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғаятынын және бұл қаражат өскелең ұрпақтың ересек өмірге нық қадаммен аттауына көмек болатынын тағы да ерекше атап өткен абзал.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларға аударылатынын айтып, Үкіметке тиісті тапсырма берген болатын. Міне, бүгінде Президенттің тапсырмасы жүзеге асырылып, алғашқы төлем жүргізіліп жатыр.