Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы ювеналды полиция бөлімшесі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, құқық бұзушылықпен белсенді күресуде. Осы салада 2004 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан аға учаскелік инспектор Айжан Көшкенова өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері түнгі уақытта ата-аналарының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында рейдтік шаралар, балалар және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Шомылу маусымы кезінде құтқарушылармен балаларға жадынамалар таратады. Инспекторлар балаларды жұмысқа тарту фактілерін анықтау үшін базарларды тексереді. Айталық, біраз оқушы көшеде балмұздақ сатып, жүк түсіреді. Заңнамаға сәйкес, балалар 14 жастан бастап ата-аналарының рұқсатымен жұмыс істеуге құқылы.
Бөлімшедегі 37 қызметкердің 19-ы нәзік жандылар. Әйел адам үшін бұл мамандықтың өзіндік қиындықтары бар. Таңнан басталған жұмыс түнге дейін жалғасады. Кейде тәулік бойы балаларымызды көрмегенде қиналамыз. Отбасым жұмысымның қыр-сырын түсініп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Әйел адам ретінде қиын жағдайға тап болған әр баланың ішкі жан-дүниесін сезіну ауыр тиеді. Отбасын жалғыз асырап отырған көпбалалы аналардың тауқыметі, басқа да жағдайларға бей-жай қарау мүмкін емес, - дейді инспектор Айжан Көшкенова.
Көп жағдайда нашар тұратын отбасылармен жұмыс жүргізіледі. Балаларының болашағын ойламай, маскүнемдікке салынып, жұмыс істемейтін ата-аналар да бар. Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі уақытта толық отбасылардың өзінде материалдық қиындық, уақыттың тапшылығынан ерлі-зайыптылар арасында түсінбеушіліктер болуда. Соңғы жылдары полиция есебінде тұратын балалардың саны азаймай отыр.
Ата-аналық құқығынан айыру – баланы жауапсыз ата-анадан асыраушыға немесе арнайы мекеме қамқорлығына тапсыруға сенімді болғанда баратын ең соңғы қадам. Кейбіреулер қателіктерін түсініп, сот арқылы ата-аналық құқын қайтарып алып жатады. Өкінішке қарай, мұндай қадамға баратындар аз. Бұл жұмыста бізге "Шанс" бірлестігі, психологтар, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия көп көмек көрсетеді. Біз материалдарды комиссия қарауына жібереміз. Онда нақты отбасының мәселесі қаралып, ата-аналарға қателіктерін түзетуге мүмкіндік беріледі. Айталық, ата-аналарға материалдық көмек, жұмысқа орналасу, құжаттар ресімдеу, мүгедектігін растау қажет болған жағдайда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі көмекке келеді. Ал ыстық тамақпен қамту, мектеп формасы мәселесімен білім басқармасы айналысады. Балалар да психологтың бақылауында болып, арнайы үйірмелер мен секцияларға жіберіледі. Кей жағдайда ата-аналар балаларымен ортақ тіл табыса алмай жатады. Бір әйел бойжеткен қызын Тараздағы жабық арнайы оқу-тәрбиелеу мекемесіне жіберуді өтінді. Қыз бала өз бетімен үйінен қашып, құқық бұзды. Оның мәселесі комиссияда бірнеше рет қаралды. Қазіргі уақытта тағы бір қыз баланы сол жабық мекемеге жіберу туралы материал сотқа дайындалуда. Ол отбасындағы жағдай осыған ұқсас, арада түсіністік жоқ. Қыз бала әке-шешесін тыңдамайды, үйінен қашып, жалдамалы пәтерлерде тұрады, - дейді инспектор.
Жасөспірімдер жаз мезгілінде 442-бапты бұзады, түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз көше кезеді. Бүгінгі күні 523 факті тіркелген.
Тәжірибемізде түрлі оқиғалар кездесіп жатады. Айталық, бірде ата-аналардың ажырасқанда баланы бөлісе алмай дауласқанының куәсі болдық. 16 жастағы бозбала әкесімен қалғысы келгенімен, анасы қарсылық білдірді. Ортақ шешімге келе алмады. Оларға медиаторға не сотқа жүгінуге кеңес берілді, - дейді Айжан Көшкенова.
Оның айтуынша, ең күрделі мәселе – балалар суициді. Оның алдын алу мақсатында психологтар, мектеп инспекторлары, мұғалімдермен жұмыс жүргізілген.
Қаладағы №12 орта мектептің 9-сынып оқушысы психологтың есебінде тұрды. Отбасында жалғыз бала өте сезімтал, жаны нәзік болды. Анасының сабақ орындауын талап етуіне ренжіген қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл туралы хат жазып қалдырған. Қызымен сөйлесіп, сыртқа терезе жууға шыққан анасы үйге қайта кіре алмаған. Қызды кіреберісте асылған күйінде тапты. Мұндай жантүршігерлік шешімді жасөспірімдер бір күнде қабылдамайды. Ата-ана, қатарластары, мұғалімдерге деген өкпе-реніші жинала береді. Баланың жүйкесі сыр бергенде, кез келген сынды теріс қабылдай бастайды. Нұрлы көш ауылында жеті жасар баланың өзін-өзі өлімге қиғаны қоғамда дүрбелең туғызды. Көп жағдайда балалар өзін керексіз сезініп, депрессияға түскенде, айналасындағылардан қысым көргенде, осындай қадамға баратыны белгілі болып отыр. Сол сияқты жасөспірімдердің үйден қашу оқиғалары да алаңдатады. Әлеуметтік желі арқылы қыз, не жігітпен танысып, басқа қалаға кетіп қалып жатады. Оларды іздестіруге қаншама ерікті, полицейлер жұмылдырылады. Ата-аналары стресс алады. Ал балалар бұған өте жеңіл қарайды. Бірде түнде көше кезген 14 жастағы қыз баланы бөлімшеге әкеліп, анасын шақыртқанда, оның полицейлерге қоқан-лоққы көрсеткені бар. Тәжірибе көрсеткенде, қатаң шектеу шаралары еш нәтиже бермейді. Баланың саналы азамат болып қалыптасуына отбасында көрген өнегесі ерекше ықпал етеді. Сондықтан да әр ата-ана балаларына үлгі болуы тиіс, - деп сөзін түйіндеді Айжан Көшкенова.