Қарқаралыдағы төтенше жағдай: Өрт аумағы 2500 гектарға жеткен

14 Тамыз 2019, 12:09
2257
Бөлісу:
Қарқаралыдағы төтенше жағдай: Өрт аумағы 2500 гектарға жеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи саябаққа қарасты Бақты орман шаруашылығының аумағындағы өртке қатысты ақпаратпен бөлісті.

«Өрттің жалпы аумағы 2500 гектарға жетті. Бұның 1500 гектары - мемлекеттік орман қорының аймағы. Бұл жерде қою түтін тараған. Өрт болған жерде 120 адам жұмыс істеп жатыр. 16 өрт сөндіру машинасы, 3 трактор, 2 тікұшақ тілсіз жаумен күресуге жұмылдырылған», - деп жазды Сәкен Ділдәхмет Facebook парақшасында.

Мәліметке сәйкес, Қарқаралы ауданының әкімдігі төтенше жағдай режимін жариялады. Өрт сөндірушілер тілсіз жаудың әрі қарай тарауына жол бермеу үшін жұмыс атқаруда. Аталған аумақта әлі өрт болып жатыр.

Еске сала кетсек, 2019 жылғы 12 тамызда сағат 15:25-те «Қазавиаорманкүзет» мекемесінің тікұшағы тексеру жұмысы барысында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына қарасты Бақты орман шаруашылығының аумағынан өрт ошағын анықтаған. Аса қауіпті өрт санаты мен 12 м/с қатты желге байланысты тілсіз жау орманға, оның ішінде қарағай мен қайыңдар өскен аймаққа қарай тараған.

Өзгелердің жаңалығы