Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 11 ақылы жолдың жұмысы іске қосылған. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған баспасөз туры кезінде белгілі болды.
Тур барысында абонеттік төлем, тариф, жедел және колл-орталықтар, операторлардың қызметін таныстыру, бағдарламаны біріктіру, жиналған қаражат жұмсалатын төлемақы алу жүйесі көрсетілді.
Айта кетерлігі, ақылы жолдардың әрқайсысының өзіндік тарифтері бар. Жеңіл көлік жүргізушілері алдын ала төлем арқылы екі есе жеңілдік ала алатын болса, жүк көліктерінің абоненттік төлемі 11 мың теңгеге дейін баруы мүмкін.
Алғашқы ақылы жол учаскесі жол жүру ақысын 2013 жылы «Нұр-Сұлтан-Щучинск» бағытында ала бастады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының деректері бойынша үш жыл бұрын «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» трассалары ақылы негізде іске қосылды.
Жолаушылар «Қапшағай – Талдықорған», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы» және «Щучинск-Көкшетау» жолдарын өткенде де енді ақы төлеуі тиіс. Атап өтілген алғашқы төрт ақылы жолда шлагбаумдар орнатылған. Онда қолма-қол ақшамен төлем жасауға болады.
Сонымен қатар онлайн режимде алдын-ала төлем жасалса, автомобиль иелері екі еселенген жеңілдік алады. Яғни, жеңіл көліктер үшін белгіленген тариф 400 теңге болса, 200 теңге төлеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жергілікті жеңіл автокөліктерге, яғни ақылы жолға іргелес елді мекендердің тұрғындарына да арнайы жеңілдік қарастырылған. Олар ақылы жолдан өту үшін құны 1 000 теңгелік жылдық абонемент сатып ала алады, - дейді «Ақылы автомобиль жолдары Дирекциясы» директорының орынбасары Сәкен Әділбеков.
Ал 2021 жылдың 23 қарашасынан бастап іске қосылған жаңа ақылы жолдарда шлагбаумдар жоқ. Алайда, бақылау пунктерінде орнатылған камералар көліктерді тіркеп отырады.
Жол жүру ақысы арнайы камералардың көмегімен тіркеледі. Жүйе жүргізушінің жеке шотынан қажетті соманы автоматты түрде ұстап қалады. Төлем жасауға терминал мен ұялы телефонды, интернет банкингтерді пайдалануға болады. Оны алдын-ала онлайн режимде немесе жол жүру сәтінен бастап жеті күн ішінде төлеуге болады. Төлем орындалмаған жағдайда көлік иесінің байланыс нөміріне хабарлама жіберіледі. Егер берілген мерзімнен асып кетсе, жеке тұлғаларға – 5 АЕК, заңды тұлғаларға –10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - деп атап өтті «Ақылы автомобиль жолдары Дирекциясының» төлемдер жүйесіне жауапты бөлімінің басшысы Айбаев Мадияр.
Сондай-ақ оның айтуынша, ақылы жолға жақын елді мекендерде тұратын жеңіл автокөліктердің иелері жылдық абонемент сатып ала алады.
Ресми мәліметке сүйенсек, қолданыстағы 11 ақылы жолдан соңғы жылда 8 млрд теңгеге жуық қаражат түскен. Заңға сәйкес, жиналған ақша толығымен жолдарды жөндеуге, күтіп ұстауға, жаңа техникалар сатып алып, олардың қызметін ұйымдастыруға жұмсалады.