- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Ақылды" технологиялар: Коммуналдық саладағы шығынға қалай тосқауыл қойылды?
"Ақылды" технологиялар: Коммуналдық саладағы шығынға қалай тосқауыл қойылды?
Бүгiн 2026, 19:26
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – тек маусымдық шара емес, жұртшылықтың табиғат пен қоғамдық ортаға деген көзқарасын өзгертетін, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыратын қозғалыс.
Тазалық деген – аула мен көшенің жинақылығы ғана емес, ұлт мәдениетінің, азаматтық жауапкершіліктің және экологиялық сана-сезімнің өлшемі. Осы тұрғыдан алғанда, елдің жарқын келбетін қалыптастырудың алдыңғы шебінде жүрген ірі кәсіпорындардың бірі – «Астана тазалық» компаниясы.
Бас қаланың күн сайынғы тазалығы мен тәртібі – көзге көрінбейтін, бірақ зор жауапкершілікпен атқарылатын еңбек. Таңсәріден қала көшелерін сыпырып, жол бойын қардан тазартып, қоқыс таситын техниканы басқаратын адамдар – нағыз еңбектің майталмандары. Олардың табанды еңбегінің арқасында елордамыздың көшелері таза, саябақтары көрікті, қоғамдық кеңістігі жайлы болып отыр.
Қазір «Астана тазалық» мекемесі тек тазарту жұмыстарымен ғана шектелмей, қаланың экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жаңа жобаларды іске асырып келеді. Президент бастамасымен осы жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл тұрғыда елімізде цифрландыру тек мемлекеттік қызметтер мен банк секторында ғана емес, күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін коммуналдық шаруашылық саласына да қарқынды ене бастады. Елорданың бас тазалық кәсіпорнында бұл реформаның нақты қалай іске асып жатқанын зерделеп көрдік.

Бүгінде саланы оңтайландыру мақсатында мұнда өндірістік процесті цифрландыру басты бағыт ретінде қолға алынды. Коммуналдық жүйенің ең үлкен жетістігі – жүргізушілердің рейске шығуын толық бақылайтын «Tazalike» электронды жол парағы жүйесін енгізуі болды. Бұл – толық отандық мамандар әзірлеген өнім.
Оның көмегімен қазір жүргізушілердің жұмысы таңертеңнен кешке дейін алақандағыдай көрініп тұрады:
- Жүргізушінің бағытқа сағат нешеде шығып, қашан қайтқаны;
- Көлікке жанармайдың қалай құйылғаны;
- Техниканың қай жерде және қандай деңгейде жұмыс істегені түгел жазылады.
Біз коммуналдық қызметтің бүкіл тыныс-тіршілігі бір ғана батырманы басу арқылы орталықтандырылған жүйемен басқарылуына қол жеткізіп жатырмыз. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: жауапты басшы қаланың кез келген нүктесінде жүріп-ақ, гаджеттің көмегімен қандай да бір міндеттерге жедел әрекет ете алады, - дейді бас IT-маман Арман Сыздықов.
Face-ID және «ақылды» камералар: Адам факторымен күрес
Бұрын коммуналдық салада таңертеңгілік медициналық тексерісте ұзын-сонар кезек пайда болатын немесе түнде демалмай келген жүргізушінің орнына басқа біреудің тексерістен өтіп кетуі сияқты шикіліктер кездесетін. Қазір бұл олқылықтардың бәрі жойылды.
Жүргізушілер жол парағын QR-код немесе Face-ID (бет-әлпетті тану) арқылы ашады. Сондай-ақ, кәсіпорында Автоматтандырылған медициналық куәландыру жүйесі енгізіліп, жүргізушілер ауысым алдында да, ауысымнан кейін де қатаң тексерістен өтетін болды. Бұл мас күйінде немесе шаршап рульге отыру қаупін толық сейілтті.
Қауіпсіздік үшін енгізіліп жатқан тағы бір жаңашылдық – автокөлік кабинасына орнатылған «ақылды» бейнекамералар. Олар жүргізушінің көз қарашығына әрекет етеді: егер жүргізуші қалғып бара жатса немесе рульде телефонға алаңдаса, камера бірден дыбыстық белгі беріп, сақтық ескертеді.

Миллион литр солярка мен 300 миллион теңге үнем
Электронды есеп жүйесі мен бақылаудың арқасында кәсіпорында бұрын белең алып келген жанар-жағармай (ЖЖМ) ұрлығына толық тосқауыл қойылды. Сондай-ақ GPS-трекерлер мен қызметкерлердің жұмыс уақытын есептейтін Clockster жүйесі іске қосылды.
Электронды есепке алуды енгізудің арқасында біз бір миллион литр солярканы немесе шамамен 300 миллион теңгені үнемдедік. Бұл ретте атқарылған жұмыс көлемін 7 миллиард теңгеге артық орындадық. Тәртіпке бағынғысы келмей, ескі жүйені аңсаған 40-қа жуық жүргізуші жұмыстан шығарылды, бірнеше іс тиісті органдарға жолданды. Осы қатаң бақылаудың арқасында кәсіпорын алғаш рет табысқа кенеліп, жұмысшылардың жалақысын 20-40 пайызға көтердік, - дейді кәсіпорын өкілдері.
Қазіргі таңда тек көлік жүргізушілері ғана емес, көше тазалайтын қарапайым жол жұмысшылары да электронды есепке көшірілуде. Олардың жұмысқа уақытылы келуі мен өз бекітілген аумағында жүргені арнайы бағдарлама арқылы қадағаланады.
Автоматтандырудың нәтижесінде кәсіпорын 200-ге жуық бос вакансияны қысқартып, бюджет қаржысын айтарлықтай үнемдеп отыр.

«Таза Қазақстан» және экологиялық мәдениет
Алайда, тек қана мінсіз жұмыс істейтін технологиялық жүйе құру арқылы қала тазалығын сақтап қалу мүмкін емес. Ол үшін қоғамда жауапкершілік пен экологиялық мәдениет қатар дамуы тиіс. «Таза Қазақстан» бағдарламасының да негізгі мақсаты – тек көшені қоқыстан тазарту емес, халықтың санасын өзгерту.
Мәселен, таңертең ерте тазаланған көшелер мен аулалар әр кеш сайын қайтадан темекі тұқылына, бөтелкелер мен пакеттерге толса, бұл – технологияның немесе коммуналдық шаруашылық жүйесінің емес, тұрғындардың мәдениетсіздігінің белгісі. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткенде еңбек адамына көңіл бөлу өте маңызды. Таңның атысынан күннің батысына дейін қала тазалығы үшін тер төгетін жандардың еңбегін құрметтеуді бала кезден санаға сіңіру қажет.
Жоғары технологиялар, ашық бюджет және жұмысшы мамандықтарына деген қоғамдық құрмет үйлесім тапқанда ғана «Таза Қазақстан» идеясы толыққанды жүзеге асып, қалаларымыз сапалы әрі жайлы мекенге айналмақ. Технологияның көмегімен «саннан сапаға» өтудің бұл үлгісі алдағы уақытта басқа өңірлердегі коммуналдық қызметтерге де жақсы үлгі болары сөзсіз.
Ең оқылған:
- Қытай Тайвань маңында арнайы операция басталғанын мәлімдеді
- Қызылордада жоғалып кеткен 6 жастағы қыздың денесі табылды
- Конгода Эбола өршіп барады: Індет жұқтырғандар саны 500-ге жуықтады
- Қытайда бірден екі деңгейлі қауіп жарияланды: нөсер мен сел қаупі күшейді
- Демалыс күндері интернет неге істемей қалды: Министрлік түсініктеме берді
Айым Серікбайқызы