Ақтөбенің Темір ауданында 51 отбасы баспанамен қамтылады

26 Сәуір 2024, 11:58
408
Бөлісу:
Ақтөбенің Темір ауданында 51 отбасы баспанамен қамтылады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Көктемгі су тасқынында Темір ауданының Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші және Шитүбек ауылдары зардап шегіп, 91 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандарының ауласына су кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні материалдық шығынды анықтайтын комиссия шешімімен, төрт ауылдың 29 отбасына дайын баспана сатып алынса, жаңа 21 үй бой көтереді, 40 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Өңір басшысы Асхат Шахаров Темір ауданы Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылына барды. Мұнда су басқан үйлерді, әлеуметтік нысандарды аралады. Асхат Шахаров тұрғындармен кездесуінде су тасқынының салдарын жоюға бағытталған мемлекеттік шараларды жан-жақты түсіндірді.

Ақтөбенің Темір ауданында 51 отбасы баспанамен қамтылады

Суға кеткен үйлерді қарап шықтым. Бұрынғы орнына қайта салу мүмкін емес. Сондықтан анықталған жер учаскелеріне табиғи апаттан зардап шеккендерге тұрғын үйлер бой көтереді. Ауылда қалмаймын дейтін жандар болса, дайын пәтерлерді сатып алып береміз. Ал әрбір адамның еңбегімен тапқан дүние-мүлкіне Үкімет бөлек төлем әзірледі. Оны комиссия анықтайды, қазір мамандар облыс бойынша әлі де жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, ешкім де көмексіз қалмайды, барлық қолдау көрсетіледі. Бастысы ауызбіршілік керек, сонда ғана еңбек өнімді болады, - деген өңір басшысы кездесудегі әр тұрғынның сауалына жауап берді.

Құмсайлықтар бөгеттің жайын сұрады. Биыл ауылда 2,7 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгетін салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінбек. ЖСҚ әзірленді, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бөгет салуды жан-жақты қарайтын комиссия құрамына ауылдың 3 тұрғыны қосылады. Айтып өту керек, қорғаныс бөгеті Шитүбек елді мекенінде де салынады.

Облыс басшысы кездесуден соң, жергілікті азаматтармен жаңа үйлер тұрғызылатын учаскелерді қарап шықты. Құмсайда 21 баспана ауылдың шетінде, биік жердегі аумақтарда бой көтермек. Ал 13 отбасы аудан орталығындағы дайын, екінші нарықтағы баспананы сатып алады. Су тасқынынан зардап шеккен 4 үй жөнделеді.

Негізі су тасқынынан зардап шеккен 39 отбасыға 14 млн теңгеден астам бірреттік әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ, Құмсай негізгі мектебінің 9 оқушысы «Балдәурен-Түркістан» оқу сауықтыру орталығы Шымкент қаласына жіберілді.

Темір ауданы бойынша төтенше жағдайлар нәтижесінде келтірілген зиянды бағалау жөніндегі комисияға 91 өтініш түскен, оның 15-іне 84 млн 217 теңге қаржы төленді. Өлген малдың иелеріне 27 басқа 8,5 млн тг қаржылай қолдау көрсетілді. Ал 369 мың теңгелік біржолғы төлем аудандағы 82 отбасыға аударылды.
 

Өзгелердің жаңалығы