Ақтөбеліктер: ТҚО мен сән салондарындағы бағаны кім бақылайды

25 Маусым 2024, 16:12
337
Бөлісу:
Ақтөбеліктер: ТҚО мен сән салондарындағы бағаны кім бақылайды
Фото: Арман Мухатов - архив

Ақтөбеліктер техникалық қызмет көрсету орталықтары мен сұлулық салондарындағы бағаға қатысты наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, биыл Ақтөбе өңірінде азық-түлік тауарлары — 1,8%-ға, ал азық-түлік емес тауарлар — 1,9%-ға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 8,8%-ға өскен.

Қазір Ақтөбеде қызмет көрсету бағасы шарықтап тұр. Мәселен, әйелдердің шаш қиюы 5 мың теңге тұрса, ерлердікі — 2-3 мың теңге.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, ұстаз Нұржамал Талапқызының айтуынша, сұлулық салондарының көбінде тазалық жоқ. Алайда бағалары шарықтап тұр.

Қала тұрғыны салонға бір кіргенде кемі 20-25 мың теңге жұмсайтынын айтады.

Қарапайым маникюрдің өзі қазір 5 мың теңге тұрады. Қаншама салон болса, соншама қызмет түрі, соған сәйкес баға да әр түрлі. Бір өкініштісі, мұндай кәсіпкерлік субъектілерін ешкім тексермейді. Сапа жоқ, баға қымбат, ал тұрғындардың арыз-шағымын ешкім қарамайды. Тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне хабарласақ, олар тек сапаға ғана жауап береді екен, — дейді Талапқызы.

Біз бұл мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік басқармасына хабарластық.

Жалпы бағалар нарыққа байланысты. Бұл саладағы қызмет бағасын тексеру біздің құзыретімізге кірмейді. Тұрғындар қызмет сапасына көңілі толмаса, онда облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Біздің өңірде мұндай кәсіпкерлік субъектілері қызметінің бағасын ешқандай мекеме тексермейді, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Оның айтуынша, еліміздегі кәсіпкерлерге ешқандай шектеу жоқ. Басқарма оларға «тәртіп» бермейді, тек түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы