Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде көпбалалы отбасыларға пәтер беру келесі айда басталады. Қазір аймақта 10 мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасы баспана кезегінде тұр. Ал бүгін 11 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспаналы болды.
Ақтөбелік көпбалалы отбасылар мамырдың бірінен бастап пәтер ала бастайды. Облыста әлеуметтік жағдайы төмен 10 мыңнан көп отбасы бар. 1 мыңы мүгедек. Тағы 7 мың толық емес, 2 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Барлығы алдағы 5 жылда баспаналы болады. Жергілікті әкімдіктің жоспары осы. Ал, бүгін 11 ақтөбелік пәтерлерінің кілтін қолдарына алды. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы баспаналар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілді.
«Өңірдің экономикалық, әлеуметтік даму қарқыны өте жоғары. Қоғам болған соң түрлі проблемалар болады. Талдау жүргізгенімізде тұрғын үй мәселесі айрықша көрініп тұрады. Өз ортамызда баспанаға мұқтаж жандар көп. Қазір халық ортасында да өсім бар. Елбасымыздың саясатының арқасында көп мәселе шешілім жатыр. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс Съезінде де осы мәселелерге ерекше мән берілді. Үкімет тарапынан бірнеше бағдарламалар қабылданды. Облыста биыл көлемі кемінде 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй тапсырылуы керек. Баспаналарыңыз құтты болсын», - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Бүгін толық емес отбасыдан шыққан, балалар үйінің түлектеріне пәтер берілді. Кейбірі он жылдан бері пәтер кезегінде тұрғандар.
«Өте қуаныштымын. Жетімдер санатына жатамын. 10 жыл пәтер кезегінде тұрдым. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша салып, алғашқы жарнамның жартысына жуығын әкімдік төледі. Алдағы уақытта 35 мың теңге депозитімізге салып отырамыз. Бүгінге дейін пәтер жалдап жүрдім. Қызым бар. Әйтеке би ауданынан көшіп келген едім», - деді ақтөбелік Луиза Шолақова.
Берілген пәтерлердің көлемі 40 шаршы метрден басталады. 1-3 бөлме аралығында. Жалдамалы пәтерді тұрғындардың болашақта сатып алуына мүмкіндік бар. Ал, облыс орталығында қазір 20 мыңнан көп адам пәтер кезегінде тұр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтерлер беріліп жатыр. Биыл 400-ден астам келімішартқа қол қойылып, пәтерлер беру қарастырылады. Қазір шаһарда 22 мың ақтөбелік пәтердің кезегінде тұр», - деді Ақтөбе қаласының тұрғын үй катынастары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Рамазанов.
Бүгін пәтерлі болған жандар алдағы 6 жыл ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ашқан депозитіне пәтердің 50% құнын жинауы тиіс. Яғни, ай сайын 35 мың теңге салып отырады. Ал, ақша жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін пәтер құнының қалған 50%-ын банк несие ретінде 4,2% мөлшерімен бөліп береді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жағдайы төмен отбысыларға несие беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл - көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі және кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың пәтер алуына мүмкіндік береді.