Ақтөбеліктер өз құқықтарын қалай қорғап жүр?

Бөлісу:
Ақтөбеліктер өз құқықтарын қалай қорғап жүр?
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысында тауарларды қайтару, тұрмыстық қызмет сапасының төмендеуі мен коммуналдық төлемдерді негізсіз өсіру мәселелері бойынша жауапты органдарға шағымданушылардың саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, мекемеге 2023 жылмен салыстырғанда былтыр ақтөбеліктер тарапынан 1310 шағым артық түскен. 

Былтыр біздің департаментке облыс азаматтарынан 1388 өтініш келіп түсті. Соның салдарынан тұтынушыларға 124,4 миллион теңге қаражат қайтарылды. Бұл қаржы 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Нәтижесінде департамент мамандары 730 тұтынушының өтінішін шешіп берсе, 376 адамға түсіндіру шараларын жүргізді. Жалпы, соңғы кездері облыста азаматтардың өз құқықтарын қорғауға департаментке жиі жүгіне бастағанын айқын көруге болады, - дейді ол.

Оның айтуынша, ақтөбеліктерден түскен шағымдардың дені бөлшек сауда саласына қатысты. Екінші орында электронды сауда саласы болса, үшінші орында — тұрмыстық қызмет сапасы. Мәселен, 2024 жылы жиһаздарды сатып алу және жөндеуге қатысты 200-ден астам адамнан шағым түскен. Бұдан кейін тарифтерді қымбаттату, электр энергиясын өшіру, жылу үшін төлемді негізсіз өсіру деректері көп тіркелген. Бұл тұрғыда былтыр Ақтөбеде тұрғындар тарапынан біраз шу шыққан болатын. 

Былтыр "Сапалы өнім" әлеуметтік жобасы аясында Кеден одағының техникалық регламентін және санитарлық талаптарды сақтамау бойынша 56 бұзушылықты анықтадық. Сондай-ақ тұтынушы құқығын бұзуға қатысты 338 іс қозғалып, нәтижесінде 230 кәсіпкерге ескерту беріліп, 108 субъектіге 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы