Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды

5 Маусым 2022, 11:30
1582
Бөлісу:
Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Ақтөбе облысы. BAQ. KZ. тілшісі. Бүгін таңғы сағат 7.00-де Ақтөбе облысында 517 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады. 

Учаскелерде алдымен Әнұран орындалды. Ақтөбеліктер сағат 7:00-ден бастап дауыс беру учаскелеріне келіп, дауыс беріп, белсенділік танытты. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы №552 дауыс беру учаскесіне таңғы сағат 7:00- ден 8:00-ге дейін 50-ге жуық адам келіп дауыс берді.

Халық бүгін өте белсенді. Бір сағат ішінде 50-ге жуық адам келіп дауыс берді. Оның ішінде жастардың үлесі мол. Жалпы тұрғындар бұл саяси шараның маңыздылығын түсініп, айрықша көңіл күймен келіп дауыс беріп жатыр. Байқаушыларымыз да, учаске қызметкерлері де өз жұмыстарын тиянақты атқарып жатыр,- дейді №552 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Лаура Досқожа.

Осы учаскеге ерте келіп дауыс бергендердің бірі- Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Жасұлан Нұрланұлы. Жуырда ғана жасы 18-ге толған ол референдумда алғаш рет дауыс беріп отыр. 

Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды
Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды

Бұл шараның маңызы зор деп ойлаймын. Бүгін өмірімде алғаш рет дауыс беріп отырмын. Аздап қобалжу бар, дегенмен осындай ел болашағы үшін маңызды шараға қатысып, өз таңдауымды жасағаныма қуаныштымын. Еліміз дамып, өркендей берсін, - дейді Жасұлан.

№552 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Лаура Досқожа референдумда алғаш рет дауыс берген белсенді жасқа естелік сыйлық табыс етті. 

Айта кету керек, бұл учаскеге тіркелгендер саны - 2208.

Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды

Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №67 дауыс беру учаскесінде таңғы сағат 7:00-ден 8:00-ге дейін 70-ге жуық адам келіп дауыс берген. Бұл учаскеге тіркелгендер саны - 2328.

Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды
Ақтөбеліктер оң өзгерістерді қолдайды

Халық өте белсенді, үлкендер де, жастар да ерекше көңіл күймен келіп дауыс беріп жатыр. Реформаларға енгізілетін өзгерістер туралы тұрғындар жан-жақты ақпарат алған. Қарияларымыз ертемен келіп, дауыс беріп, учаскеге келген жастарға баталарын беріп жатыр, - дейді №67 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Алмагүл Ұзақбаева. 

№67 учаскеге тіркелгендердің бірі- 87 жастағы қария Ханкерей Дүйсенбаев. 

Бүгінгі қуаныш құтты болсын! Еліміз тыныш болсын! Қазақстанымыз әділетті де, өркениетті ел болсын! Тұрақтылық пен бейбітшілігімізді бағалай білейік. Осындай еліміздің дамуына серпін беретін өзгерістерге дауыс бергеніме өзім қатты қуанып тұрмын. Жастарға менің жасымды берсін! - деді қария. 

Бұл дауыс беру учаскесінде қазір мектеп өнерпаздары күй тартып, патриоттық әндер шырқап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мұнда мерекелік атмосфера сезіледі. Халық та риза, белсенді. 

Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы