Ақтөбеліктер: Мұнайлы өлкеде тұрсақ та, газ қымбат

26 Маусым 2024, 18:04
450
Бөлісу:
Ақтөбеліктер: Мұнайлы өлкеде тұрсақ та, газ қымбат
Фото: автордан

Ақтөбе облысында 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы 59 теңгеге дейін қымбаттайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбеліктер қазір сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты өз наразылықтарын білдіруде. Әсіресе, көлігі газбен жүретін жүргізушілер бағаның көтерілуіне қарсы.

Қазір ай сайын бәрі қымбаттап жатыр. Енді газ бағасы өссе, жолақы да, қызмет құны да көтеріледі. Бүгінде облысымызда газбен жүретін көліктер саны көп. Бағаның қымбаттауы қалтамызға жүк түсіреді. Осыдан 2-3 жыл бұрын елімізде газ бағасы қымбаттағанда көпшілік наразылық танытқаны белгілі.

Елімізде мұнайдың қоры көп, сонда да осы күнге дейін халық газ бен бензинге қымбат баға төлеп келеді. Мәселен, Ақтөбе — республикадағы мұнайлы өлкелердің бірі. Соған қарамастан газ бағасы үнемі көтеріліп отырады, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Самат Әділжанов.

Облыс орталығындағы тазалық мекемесінде жұмыс істейтін тәжірибелі жүргізуші апта сайын сұйытылған газ үшін 7-8 мың теңге жұмсайды екен.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының сауда бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрғалым Сағитжанның айтуынша, 1 шілдеден бастап Ақтөбе облысында газ бағасы 54 теңгеден 59 теңгеге дейін (Ақтөбеден 200 км-ден қашық орналасқан аудандарда 59 теңгеден 64 теңгеге дейін) өседі.

1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының бағасын көтеру жоспарлануда. Мәселен, сұйытылған мұнай газының бір тоннасы үшін шекті көтерме баға 45 158 теңге болады. Бұрынғы баға — 40 320 теңге. Бұл ретте шекті бөлшек сауда бағасы әр өңірде литріне 5 теңгеден 8 теңгеге дейін көтеріледі, — дейді Нұрғалым Сағитжан.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында 218 мың автокөлік бар. Оның 56 мыңы газбен жүреді. Ал облыстың үстімен 25 мың көлік өтеді.

Өзгелердің жаңалығы