Ақтөбеде елорда күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Биыл облыста жылдағы дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралар 3 шілдеде басталды. Өңірдегі білім, мәдениет және спорт басқармаларының ұйымдастыруымен білім беру ошақтары мен алаңдарда түрлі танымдық, мәдени, спорттық шаралар, мәдениет мекемелерінде астананың тарихы мен бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері туралы кітап көрмелері өткізілді. Ал бүгін Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірдегі
«Жасыл ел» жасағы жастарының бастамасымен экологиялық тазалық акциялары ұйымдастырылды. Мәселен, бір топ белсенді жас Қарғалы өзенінің жағалауында «Таза қала — таза жағалау» акциясын өткізді, «Жасыл елдің» 100-ге жуық мүшесі Кірпішті ауданындағы «Махаббат тауы» демалыс орны аумағында «Jasyl cross-2023» плоггингін өткізді.
Тазалық шарасына белсенді қала жастары, Ақтөбе орман шаруашылығының жұмысшылары, «Жасыл ел» еңбегінде жұмыс жасап жүрген жастар қатысты. Олар 45 минут ішінде демалыс орнының аумағын түгел қоқыстан тазалап, ерекше белсенділік көрсетті.
Бүгінгі шараға «Жасыл ел» еңбек жасағының жүзге жуық сарбазы қатысып жатыр. Сондай-ақ белсенді қала жастары да экологиялық акцияға атсалысуда. Мұндай шараның біз үшін маңызы зор. Акцияны мереке күні ұйымдастырудағы мақсат — жастардың Астана күнінде ерекше көңіл-күймен еңбек етіп, өңірдің тазалығына атсалысуын қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, көп жағдайда бұл жерге келгенде қоқысты жинамай, шашып кетеді. Біз шараға келген жастарға аумақты таза ұстауға , қаланың тазалығына құрметпен қарауға шақырып жатырмыз. Жалпы плоггингке келген жастардың қарқыны жақсы, — дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.
«Жасыл ел» жасағының аға комиссары Артур Әзиевтің айтуынша, плоггинге 18 команда қатысқан. Олардың дені студенттер мен колледж оқушылары. Сонымен қатар Ақтөбе орман шаруашылығының мамандары да қоқыс жинап, оны тиеуге атсалысуда. Шаруашылық сонымен қатар қоқысты тасуға өз техникаларын да беріпті.
Сонымен плоггинг қорытындысында 18 команданың ішінде үш команда көп қоқыс жинап, алғы шепке шықты. «Нұр» командасы І орынды иеленіп, кубокті жеңіп алса, ІІ және ІІІ орынды «Болашақ» пен «АГК» командасы иеленді.
Бүгінгі мереке құтты болсын! Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, жастар үшін өте керемет. Қаламыз да тазарып қалады, жастар да еңбек етіп, шаһардың өркендеуіне өз үлесін қосады, — дейді Артур Әзиев.
Астана күніне арналған шаралар бұдан әрі «Табыс» коммуналдық базарында өткен жәрмеңкемен жалғасты. Мұнда ауыл-аймақтардан келген шаруалар өздерінің ет, сүт өнімдерін қала тұрғындарына арзан бағамен ұсынды.
Облысымызда елорданың 25 жылдығына орай 80-ге жуық іс-шара өтеді. Олардың қатарында көрмелер, жәрмеңкелер, концерттік бағдарламалар, байқаулар, жарыстар, әш кештері, спорттық жарыстар, турнирлер, тазалық акциялары мен басқосулар бар. Жалпы бұл шараларға облыстағы барлық өнер ұжымдары, белсенді жастар, қала және барлық облыс тұрғындары атсалысады. Осынау елорданың мерейтойында Ақтөбенің аспанында ән қалықтап, күй күмбірлеуі өте құптарлық дүние. Астана — бұл қарыштап дамыған мемлекетіміздің, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы. Біз Астанамен әлемге мақтанамыз. Болашағы жарқын бас қаламыздың туған күні құтты болсын! Барша елдің бас қаласы одан әрі гүлдене берсін! — дейді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаев.
Елорда күніне арналған мерекелік концерттер бүгін кешкі сағат 19.00-де Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Ару қала – Астана» атауымен және Өнер орталығы алаңында «Әнім саған, Астана» тақырыбында өтеді. Өткен аптадан бері облыста өтіп жатқан «MUSIC FEST OPEN AIR» ашық аспан астындағы жазғы музыкалық фестивалі бүгін қорытындыланып, соның аясында ән кеші ұйымдастырылмақ. Ал ертең Ақтөбе қаласындағы футболдан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резервінде жасөспірімдер арасында футболдан облыстық ашық турнир өтеді. Оған облыстан жүздеген жас спортшы қатыспақ. Шараны ұйымдастырушы — Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.