Ақтөбеліктер «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатыр ма?

13 Шілде 2023, 18:45
1176
Бөлісу:
Ақтөбеліктер «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатыр ма?
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында былтыр пилоттық жоба ретінде қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар саны әлі де көбеймей отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұраттың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға бюджеттен 6,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл жыл аяғына дейін осы қаржыны игеру керек. Қазіргі таңда жобаға қатысушылар саны мыңнан асқан. Алайда бұл әлі де жеткіліксіз.

Қазір біз ауыл-аймақтарда тұратын тұрғындарға бағдарламаның тиімділігі мен талаптарын түсіндіріп жатырмыз. Өкінішке қарай, ауыл әкімдері жоба аясында түсіндіру жұмыстарын әлі де белсенді түрде жүргізбей отыр. Олай дейтініміз, «Ауыл аманаты - бабалар аманаты» экспедициясы аясында біз елді мекендерді аралағанымызда кейбір азаматтар бағдарлама туралы толық мағлұмат алсмаған. Сұрақтары көп, мәселелер де аз емес, - дейді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, бұл жоба аясында биыл өңірде 134 ауылдық округ және 6 шағын қаланың тұрғындарына 2,5 пайызбен несие беріліп жатыр. Жобаның мақсаты - ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, халықты жергілікті өнімдерден қамту.

Биылдан бастап ақтөбеліктер 2,5 пайызбен несие алып жатыр. Жоба аясында 1500-ге жуық жобаға 6,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның ішінде қазір 1033 жоба мақұлданды. 433 жобаға несие берілді. Мәселен, жуырда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы кәсіпкерлер Ақтөбе қаласынан павильон ашып, бағдарлама аясында өсірген өнімдерін, өндірген тауарларын сатуда. Бүгінде осы жоба аясында ауылдарды аралап, әсіресе, жастарға: «Үйдегі бала-шаға, ата-аналарыңызбен кеңесіп, осы жобаға қатысып, жеңілдікпен несие алып, мал шаруашылығы немесе шағын бизнес ашу мүмкіндігін пайдаланыңыз» деп кеңес беріп жатырмыз. Тіпті, ауыл шаруашылығы саласының мамандары бірқатар азаматтарға бизнес жоспар жасауға да көмектерін беріп жатыр. Қазір облыста уылдық жерлерде монша сияқты қажетті нысандар салуға да несие беру шарттарын қарастырып жатыр. Бүгінде кәсіп ашқысы келген жеке адамға 8 млн 625 мың теңге берілсе, осы жылы кәсібін дамытқан тұрғындарға келер жылы 27 миллион теңге дейін несие қарастырылады. Бұл мәселені қазір «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарастырып жатыр, - дейді ол.

Жоғарыда атап өткендей, қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындарға пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген несие берілуде. Бүгінге дейін Ақтөбе облысы бойынша мыңнан астам адамның жобасы мақұлданса, оның 500-ден астам адам несиесін қолына алып, мал, құс, ешкі шаруашылығы мен жылыжай салу, кабинет ашу, сондай-ақ монша, цех, кафе, т.б. нысандар ашып үлгерген.

Басқарма мамандарының айтуынша, несие мал, құс, өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында шағын кәсіпкерлік ашуға бағдарланған. Шаруашылықтарды жүргізу үшін несиенің шекті көлемі 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке (7 657 500 теңге) дейін болса, кооперацияларды дамытуға 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (24 504 000 теңге) несие берілуде.

Несиені алу үшін кепіл қою және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті. Несие кепіл құнының 70 пайызына беріледі. Жобаның ерекшелігі сол, екінші деңгейдегі банктер кепілге алмайтын ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүлікті кепілге қоюға болады. Бұл ауыл азаматтарына үлкен қолдау болмақ.

Қазіргі таңда жобаны қаржыландырудың негізгі операторы - «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Біз бүгінде осы бағдарлама бойынша өтініш берушілерден құжаттар қабылдап жатырмыз. 1400-ге жуық өтініш келіп түсті. Бүгінде жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгеге 1176 жобаның құжаттары мақұлданып, 2,4 миллиард теңгеге 575 жобаға несие берілді. Сондай-ақ ауыл адамдарына «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңірімізде алғаш рет мал шаруашылығын дамыту мақсатында жеке қосалқы шаруашылықтарға тауарлық несие беру басталды. Қазіргі таңда осындай қосалқы шаруашылықтарға ірі шаруашылықтар есебінен 6 мың басқа тауарлы несие беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 315 отбасыға 3960 бас мал берілді. Бұл жерде тауарлық несиенің ерекшелігі — алынған малдың қайтарымын ақшалай емес, төл есебінен қайтаруы, - дейді «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Әшімахынұлы.

Жуырда «Ауыл аманаты - бабалар аманаты» экспедициясы Алға ауданында болып, тұрғындарға бағдарламаның шарттары мен маңызын түсіндірді. Кездесу барысында тұрғындар кепілге мүлік қоярда шешілмей отырған мәселелер бар екендігін алға тартты.

Әсем есімді аудан тұрғыны отбасында жолдасы екеуі жұмыссыз екенін, үш бала тәрбиелеп отырғанын жеткізді. Қазір олар жолдасының ата-анасымен бірге тұрады екен. Тұрып жатқан ортақ баспанасы атасының атында. Ал жоба аясында несие алу үшін үйді кепілге қою керек. Алайда ортақ баспананы кепілге қою отбасында дау-жанжалға әкелуі мүмкін деп қорқады.

Мамандар әлгі келіншекке кеңес беріп, ортақ мүлікті кепілге қою үшін үйдің заңды иесі құжаттар рәсімдеуге болатынын жеткізді.

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда көптің көкейінде жүрген тағы бір сауал — өнімдерді өткізу мәселесі. Қазір облыс елді мекендерінде көкөніс өсіріп, құс, мал өсіріп жатқандар көп. Олардың барлығы өздері тұратын ауылға өнімдерін өткізе алмайды. Себебі ауыл адамдарының денінің ауласында малы да, құсы да бар. Ал шаруалардың апта сайын, ай сайын облыс орталығына өнімдерін тасып әкелуі өте қиын. Бір жағынан бұл шаруаларға тиімсіз, жол шығынына көп қаражат кетеді.

Қазір Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы осы мәселені шешу үшін жұмыстанып жатқанын жеткізді. Алайда облыс бойынша 1500-ге жуық шаруаның өнімін өткізу мәселесін бір айда шешу мүмкін бе? Бұл сауалға әзірге ешкім жауап бермеді.

Облысқа қарасты Мәртөк ауданының шаруалары жақында облыс орталығынан арнайы орын алып, қазір өндірген өнімдерін қала тұрғындарына сатып жатыр. Бұл тұрғыда біз кәсіпкерлердің орын алуына көмек бердік. Алайда дәл осы бастаманы өзге ауыл тұрғындары да қолдаса, игілікті іс болар еді. Бірақ айта кету керек, мәртөктіктер дүкеннің құрылысын өз қаржыларына жүргізді. Біз тек жер алып бердік, — дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы М.Әкімов.

Оның айтуынша, бүгінде «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың саны бойынша Ақтөбе облысында Мәртөк, Қарғалы, Ойыл аудандары алдыңғы орындарда тұр. Одан кейінгі орындарда Алға мен Хромтау ауданы бар. Ал мақұлданған жоба саны бойынша соңғы орындарда Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Әйтеке би аудандары тұр. Бұл аудандарда жобаға қатысқысы келетін тұрғындар саны біз ойлағаннан әлдеқайда аз екен.

Алға ауданына барған жұмыс сапарымызда біз Алға қаласының әкімі Нұрбол Сұрбаевпен тілдескен едік. Оның айтуынша, 23 мыңнан астам тұрғыны бар Алға қаласынан қазіргі таңда «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 34 жоба ғана тапсырылған. Оның ішінде 24 жоба ғана мақұлданып отыр. Жалпы жобаларға бөлінетін қаражаттың мөлшері 221 млн теңгені құрайды.

24 жобаның 8 жобасы жылыжай ашу ісі болса, қазір оның 4-еуі несиесін алды. 7 жоба құс шаруашылығын дамытуға, 5 жоба ешкі өсіруге мақұлданып отыр. Жуырда бір тұрғын «Ауыл аманаты» аясында түзету кабинетін ашты, тағы бір адам монша ашқысы келеді. Қазір халық осы жобаға қатысуға барынша белсенділік танытып отыр. Біз барлық жерлерге барып, тұрғындарға жоба шарттары жайлы түсіндіріп жатырмыз. Бұл жобаның тиімділігі несиенің пайызы төмен, екінші жағынан бағдарлама ауылдарда жұмыссыздықты жоюға, ауыл адамдарын жұмыспен қамтуға, елді мекендерде мал, құс санын көбейтуге мүмкіндік береді. Қазір алғалықтар өз-өзін 60 пайыз көкөніспен қамтып отыр, қыс айларында бау-бақша жұмысы тоқтайды. Сол кезде осы жобамен жылыжай ашқандар халықты сапалы өніммен қамтитын болады, — дейді қала әкімі.

Алға қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Талғат Ахметов жылыжай салу үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 млн теңге несие алыпты. Ол бұл жоба жайлы әкімдіктен естіп, несие алуға құжаттарын тапсырған. Жылыжайының жалпы ауданы — 200 шаршы метр. Кәсіпкер алғашқы өнімін тамызда жинауды жоспарлап отыр. Ол қияр, пияз, ақжелкен еккен.

Ақтөбеліктер «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатыр ма?

Негізгі мамандығым — инженер. Қазір «Алға жылу» мекемесінде шебер болып жұмыс істеймін. Жылыжай ашу ісін бұрыннан ойлап жүрген едім. Тіпті дайын бизнес жоспарым да бар еді. Міне, жуырда несие алып, отбасылық бизнесімді аштым. Осы жоба аясында жылыжай жұмысын дамытып, қысы-жазы өнім алуға жұмыс істейтін боламын, - дейді Талғат Ахметов.

Сондай-ақ Алға қаласының тұрғыны Байрамбай Қадырханов та жылыжай салу үшін мемлекеттен 8 млн теңге несие алыпты. Ол қиярдың голландиялық сорты - северинді еккен. Қазір алғашқы өнімін жинап жатыр. Оның да жылыжайының жалпы ауданы - 200 шаршы метр.

Ақтөбеліктер «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатыр ма?

Бұған дейін мұнай саласында жұмыс істедім. Қазір жұмыссызбын. Осы жоба туралы естіп, үйімді кепілге қойып, несие алдым. Алған қаржыма жылыжай салу үшін құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар мен қиярдың тұқымын сатып алдым. Қазір алғашқы өнімімізді жинап жатырмыз. Өнімдерімізді осы жердегі дүкендерге қойып сатамыз. Жылыжайдың жұмысын отбасымызбен жасаймыз, екі ұлым мен келіншегім қол ұшын береді, - дейді ол.

Ал Алға ауданына қарасты Есет батыр ауылының тұрғыны Феррудин Намазуглы «Ауыл аманаты» жобасы аясында құс шаруашылығын дамытуға 7 млн теңге несие алған. Қазір ол ауылда әйелі екеуі тұрып жатыр. Үш баласы қалада тұрады.

Ақтөбеліктер «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатыр ма?

Бұрын осы ауданға қарасты, Ақтөбе қаласына іргелес жатқан Маржванбұлақ ауылында тұрғанмын. Ол жерде де құс өсіргенбіз. Бройлер тауығын ұстап, аздап тиын-тебеп таптық. Енді міне несие алған соң, құс санын көбейттік. Қазір ауламызда 1600 қаз, 650 үйрек, 200 түйетауық, 300 тауық бар. Күз айларында бройлердің келісін 1800, үйректің келісін 2500-3500, түйетауықтың келісі 2700 теңге сататын боламыз. Күзге дейін құстың барлығын жем-су беріп, күтіп, бағамыз, - дейді ол.

Шаруа сөз арасында жыл сайын Астанаға барып, Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысатынын, ол жерде делдалсыз өз өнімдерін сатып жүргенін жеткізді.

Осы жерді ұнаттық. Содан үй салдық, ауламыз да бар. Қазір зайыбым екеуміз таңғы 5-те тұрамыз, содан құстарымызға суын, жемін береміз. Жемді Ақтөбе қаласын әкелеміз. Қай істе де еңбек еткен адам табысқа қол жеткізеді. Сондықтан күні-түні тынымсыз еңбектеніп, ауылда құс шаруашылығын дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз, - дейді ол.

Ақтөбеліктер «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатыр ма?

Айта кету керек, Феррудин Намазуглы - әзірбайжан ұлтының өкілі. Ал Қазақстанда 1974 жылдан бері тұрады. Қазір жасы - 69-да.

Ал «Ауыл аманаты» жобасын орындау бойынша көш соңында тұрған Ырғыз ауданында бүгінде 92 адам бағдарламаға қатысуға өтініш берген.

Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есет Молыбаевтың айтуынша, 92 жобаның 38-і құс өсіру бағыты болса, 10-ы - өсімдік шаруашылығы, 44-і - шағын бизнес жобалары.

Бүгінгі күнге дейін ауданымызда 207 282,1 мың теңгеге 63 жоба мақұлданды. Оның ішінде 26 жоба құс шаруашылығы бойынша, 6 жоба өсімдік шаруашылығы бойынша, ал 31 жоба шағын бизнес бойынша. Несие қаражаттары берілген 33 жобаның жалпы құны — 130 041,0 мың теңге. Қазір тағы үш жобаға тұрғындар өтініш тапсырып жатыр. Олар наубайхана ашу, мал шаруашылығын дамыту және құс өсіру. Жалпы сомасы — 16 миллион теңге, - дейді бөлім басшысы.

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасына 352,3 мың тұрғыны бар барлығы 315 елді мекен қатысуы керек. Бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындардың табысын арттыруға, ауыл-аймақтарда жұмыссыздықты жоюға серпін береді. Бүгінде Ақтөбе облысындағы 315 ауылдық елді мекендегі жұмыссыздар саны - 6460, жұмысқа жарамды азаматтардың саны - 193 мың. Қазір ауылдарда 51 мыңнан астам адам өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны - 1425. Оларда жалпы саны 7530 адам тұрады.

Ақтөбе облысы бүгінде халық тұтынатын 65 азық-түлік өнімінің 7-еуін ғана 100 пайыз өндіріп отыр. Олар: ұн, нан, макарон өнімдері, сиыр, қой, жылқы еті, жұмыртқа. Ал 40 тағам түрін 1,4 пайыздан 69 пайызға дейін ғана ішінара шығарады.

Азық-түліктің 18 түрі Ақтөбе облысында мүлдем өндірілмейді. Олардың қатарында күріш, тұз, қарақұмық, қант, бұрыш, бұршақ, жүгері, фасоль, лимон, майонез, қызанақ пастасы, т.б. бар. Бұл тауарлар көбіне көрші елдерден тасымалданады.

Қалай десек те, бұл жобаның ақтөбеліктерге берері мол. Себебі бұған дейін облыста шаруаларға мұндай жеңілдетілген (2,5 пайызбен) несие берілген жоқ. Жобаның тиімділігін көрген шаруашылық басшылары мен тұрғындар қазір кәсібін дамытуға бар күш-жігерін салуда. Ал жобаға қатысуға құлық танытпай отырған тұрғындармен ауыл және аудан әкімдері жан-жақты жұмыс жүргізуі керек. Алайда әкімдер нәтижелі жұмыс жүргізе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді...

Өзгелердің жаңалығы