Бүгін Ақтөбе қаласында өткен “Менің атаулы ағашым” атты жалпықалалық акцияда “Жасыл ел” жасағының жастары 2 мыңнан астам ағаш отырғызды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталған акцияға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов арнайы келіп қатысты.
Біз Жаңа Қазақстанда экомәдениетті қалыптастырып, сауатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін қазіргі жастарымыз қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Бұл бастама жалғасын табады деп сенемін,-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Акция “Жасыл ел” еңбек жасағының ұйымдастыруымен өтті. Онда еңбек жасағының сарбаздары Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа, Болашақ және Есет батыр тұрғын үй алаптарына жалпы саны екі мыңнан астам ағаш көшетін екті.
-Бүгін “Жасыл ел” еңбек жасағының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында “Менің атаулы ағашым” акциясы басталды. Оған жасақтың 500 сарбазы атсалысып, Орталық саябаққа - 500, Болашақ тұрғын алабына - 500, Есет батыр шағын ауданына мың тал ағаш көшетін екті. Акцияға сондай-ақ қаламыздың белсенді жастары да атсалысып жатыр.
Жалпы биыл “Жасыл ел” жасағында өңірде 4 мың жас жұмыс жасады. Оның ішінде жастар абаттандыру, көгалдандыру, құрылыс салу бағыттары бойынша отрядтарға бөлініп, еңбектенді. Еңбек жасағының жабылу салтанатында отыз үздік сарбазымыз облыс әкімінің Астана қаласына тегін жолдамасын жеңіп алды. Соңғы жылдары елімізде еңбек жасағында жұмыс істейтін жастардың қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ олардың жалақысы да өсіп жатыр, -дейді “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары және “Атамекен” студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.
Оның айтуынша, игі бастама жыл аяғына дейін жалғасады. Оған “Жасыл ел” жасағының сарбаздары мен белсенді жастар жұмылдырылмақ.
Елімізде “Жасыл ел” жасағы 2005 жылы құрылды. Содан бері бүгінге дейін Ақтөбе облысында “Жасыл ел” еңбек жасағының құрамында 64 мың жас жұмыс жасаса, олар аудандар мен Ақтөбе қаласының аумағына 3 миллион ағаш көшетін еккен.
Біз осыған дейін жыл сайын жаз айларында “Таза қала -таза жағалау” акциясын өткізіп келеміз. Мысалы, биыл жасақ жастары Қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймалары мен Елек өзенінің жағалауларын күл-қоқыстан тазартты. Акция аясында біз 70 тоннадан астам қоқыс шығардық. Одан бөлек, жыл сайын “Ардагерлерді ардақтайық”, “Бұлақ көрсең көзін аш!” атты экологиялық акцияларды да ұйымдастырып келеміз. Осының барлығына “Жасыл елдің” жастары атсалысып жүр-дейді Нұржан Шаңғытбаев.
Биыл Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 100 мың ағаш көшеті отырғызылмақ. Қазір облыс орталығы мен аудандарда бұл бағытта түрлі акциялар, сенбіліктер ұйымдастырылып жатыр. Бұдан бөлек, ақтөбеліктер күзгі екі айлыққа да қатысып, қала аумағын қоқыстан тазалауда.