Құтқарушы Ерсайын Нұржанов су тасқыны кезінде Қобда ауылының тұрғындарын құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол 17 жылдық жұмыс тәжірибиесінде 100-ден астам адамды өлімнен арашалап қалған.
26 наурызда сағат түнгі 02:00-те дабыл қағып, бізді оятып алды. Қобда ауылына жіберілдік. Жете сала халықты эвакуациялап, құтқаруға кірістік. Кейіннен қауіпті деген аймақтарда қалып қойған тұрғындарды қайықпен көшірдік. Бас-аяғы 200-ден аса тұрғынды құтқардық,- деді құтқарушы.
Құтқарушының бұл қызыметке келуіне әкесі себеп болған. Ол да осы салада қызмет атқарған.
Ақпарат «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонының эфирінде айтылды.
Айта кетейік, 10 республикалық арнадан көрсетілетін шараның басты кейіпкерлері – табиғи апат кезеңінде батылдық танытып, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тіге отырып қызметі мен азаматтық борышын абыроймен атқарған қазақстандықтар. Олардың қатарында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, еріктілер, кәсіпкерлер мен сын сағатта жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін танытқан ел тұрғындары бар.
Еске салсақ, тіркелмеген не өлексесі табылмаған мал шығыны да өтелетіні туралы хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен саяжай қандай жағдайда өтелетіні туралы да хабарланған еді.