Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде болды. Бұл дәстүрлі шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды балалар жылы деп жариялауы аясында өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты-әскери қызметтің беделін арттыру, жастарда патриоттық сананы қалыптастыру.
Балаларға арналған плацта қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскерилер заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери машиналар мен байланыс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтты.
Оқушыларға арнаған сөзінде бөлім командирі полковник Мирас Тұрдалин жас патриоттарға әрқашан алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді, оқуда және спортта жеңіске жетуді, салауатты өмір салтын ұстануды, патриот және өз елінің лайықты азаматы болуды тіледі.
Қызықты экскурсия кезінде жоғары сынып оқушыларына әскери даңқ мұражайы, спорт қалашығы, асхана, мерзімді қызметтегі сарбаздар тұратын казарма көрсетілді. Сондай-ақ, оқушылар алдында бөлім жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс бойынша көрнекі әдіс-тәсілдерді, сондай-ақ, кинологиялық қызметтің мамандары патрульдік-іздестіру қызметінің қызметтік иттерінің жұмысын көрсетті.
Біз оқушыларға жаңа қару-жарақ, техника, казарма және бөлімнің басқа да бөлмелерін көрсеттік. Сұрақтар көп болды. Оқушылар қарудың техникалық сипаттамаларына аса қызығушылық танытты, әсіресе оларға біздің мергендік мылтықтар ұнады, мерзімді қызмет туралы, офицер болу және келісімшарт бойынша қызмет туралы сұрады, — деді 6655 бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ғани Бөлкебаев.
Әскери бөлімді көруге мүмкіндік бергені үшін әскерилерге алғыс айтқым келеді. Біздің сынып осы экскурсияны асыға күтті. Бүгін біз "Отанды қорғау үшін осындай мамандық бар"деген сөздің шын мәнін түсіндік. Өйткені, тек өз елінің нағыз патриоттары ғана Отан қорғаушы мамандығын таңдай алады және біз бұл өте лайықты және ерлер мамандығы екенін түсінеміз. Болашақта мен ел алдындағы әскери парызымды міндетті түрде беремін, өйткені тек осы жерде ғана Отанымыздың нағыз қорғаушысы болуға болады деп санаймын, - деп өз әсерімен бөлісті 11-сынып оқушысы Бауыржан Арынов.
Оқушылар маңызды қорытынды жасады: Армия қатарында қызмет ету және Отанды қорғау — әрбір азаматтың құрметті борышы.
Айта кетейік, ұландықтардың оқушылармен кездесуі Ақтөбе облысының білім басқармасы мен Ақтөбе облысының солдат аналар комитетінің өзара іс-қимылында ұйымдастырылды.