Ақтөбелік кәсіпкерлер қандай мәселе қозғады?

31 Қазан 2022, 14:50
1361
Бөлісу:
Ақтөбелік кәсіпкерлер қандай мәселе қозғады?

Ақтөбе облысында жаңадан кәсіп ашқан кәсіпкерлер газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар ала алмай отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың облыстағы кәсіпкерлерімен кездесуінде айтылды.

Аталған басқосуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Мақажанов, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Ақтөбелік кәсіпкерлер қандай мәселе қозғады?

Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер облыс әкімі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасарына өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Атап айтсақ, кездесуде адвокат Динара Ермұхамбетова бизнес өкілдерінің атынан облыстағы мемлекеттік органдардың мердігер ұйымдардан құрылысқа байланысты қысқы баға өсімі коэффициентін өндіріп алуда сотқа арыз беруін тоқтатуын талап етсе, бір топ кәсіпкер мектеп асханаларында мұқтаж және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың ыстық тамақпен қамтылуына қосымша қаржы бөлуді сұрады.

Мәселен, облыста бір ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысына сүйеніп, «Интер ЭлектроКомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жасаған жұмысы үшін төленген шамамен 5,5 миллион теңге соманы өндіріп алу үшін сотқа талап арыз берген. Осы мәселе қаралса деген тілек бар, — деді Динара Ермұхамбетова.

Ал ыстық тамақ мәселесіне келсек, кәсіпкерлердің айтуынша, қазір елімізде, оның ішінде өңірде азық-түлік бағасы едәуір қымбаттаған. Сондықтан оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін бұған дейінгі мөлшерлеме аясында бөлінген қаражат жетпейді.

Бұл сауалға жауап берген облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан бұл мәселе басқарма немесе әкімдік ештеңе жасай алмайтынын, мөлшерлемені ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы ұсынатынын айтты.

Кездесуде мемлекеттік органдар мен монополист компаниялардың басшылары қатысқандықтан, кейбір сұрақтарға диалог барысында бірден жауап берілді. Әрі қарай жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков ұлттық палата кәсіпкерлікті қорғау экожүйесін құру жобасын іске асырып жатқанын айтты.

Бүгінде біз ұлттық кәсіпкерлер палата қызметін трансформациялау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.  Біз мемлекеттік органдармен бірдей деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін салалық сараптамамызды күшейтіп жатырмыз. Салалар бойынша ірі және орта бизнестің жүйелі мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл алаңдары пысықталуда. Сонымен қатар әкімдіктермен шағын және микробизнес жұмысын жеңілдету үшін белгілі бір экожүйені енгізуді ойластырып жатырмыз. Соның нәтижесінде өңірдегі бизнес өкілдері "бір терезе" қағидаты бойынша өз мәселелерін шеше алады, — деді Тимур Нахипбеков.

Жиынды қорытындылаған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың барынша ашық жұмыс жасауына мүмкіндік берілетінін жеткізді.

Өткен жылы Ақтөбе өңірінде бизнесті қолдау шаралары бойынша бес мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Соның арқасында біз ірі мегаполистерді басып оздық. Үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, сегіз мыңнан астам жұмыс орны сақталып қалды. Алдағы уақытта да осындай нәтижеге қол жеткізу үшін еңбектенуіміз керек. 
Қазіргі таңда өңірде кәсіпкерлердің жұмыстарына кедергі келтірмеу үшін мынадай  өзекті мәселелерді шешу керекпіз. Алдымен табиғи газдың жетіспеушілігі, одан кейінгі мәселе — Ақтөбе қаласында үшінші магистральдық газ құбырының желісін салу, — деді ол.

Шара соңында бірқатар кәсіпкерлер марапатталып, облыс әкімдігі Ақтөбе облысының Хромтау қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы