Ақтөбелік 109 жастағы кейуана көп жасаудың құпиясын айтып берді

Бөлісу:
Ақтөбелік 109 жастағы кейуана көп жасаудың құпиясын айтып берді
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе қаласының тұрғыны кейуана Жәкібай Бисенғалиева биыл тамыз айында 110 жасқа толады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір Ақтөбеде ғасыр жасаған екі ардагер бар. Соның бірі – Жәкібай әже. Ол жалғыз ұлының қолында тұрады. 

Кейуана 1915 жылы бұрынғы Новоресей ауданындағы Қызылсу ауылында дүниеге келген. Ес білгелі қиындықтан көз ашпаған ол өз өмірінде соғысты да, аштықты да көрген. Кезінде ұжымдастыру кезеңдерінің қиындықтарын да бастан өткізген. Ұжымшар жұмысына ерте араласқан ол сауыншы болған. Соғыс кезінде елде ер-азаматтар азайғанда, трактор жүргізіп, бау-бақша еккен. Кейін ауылдық кітапханада кітапханашы болып қызмет атқарған. Қай кезде де өз жұмысына жауапты болып, ерінбей еңбек еткен кейуана бейнетінің зейнетін көріп, бүгінде ғасырдан астам ғұмыр кешіп отыр. Немере-шөбере сүйіп, отбасының бәйтерегі болып отырған кейуана бізге ұзақ жасаудың сырын айтып берді.

Ақтөбелік 109 жастағы кейуана көп жасаудың құпиясын айтып берді

Біз бала кезден еңбекке ерте араластық. Ер, әйел деп бөлмей, барлық жұмысты жасадық. Көрген бейнетіміз көп болды. Соған қарамастан ерінбей, жалықпай, көп нәрсені үйрендік. Жалпы, өзім тынымсыз адаммын. Бір жерде отыра алмаймын. Қазір қартайған соң бұрынғы қол еңбегін қойдым, - дейді кейуана.

Қазір Жәкібай әженің құлағы естімейді. Келіні Уәзипа Бисенғалиеваның айтуымен сұрақтарға жауап қайтарып, үйге келген адамдарға ақ батасын береді.

 Менің ұзақ жасауымның себебі осы күнге дейін бір орында отырмай, үнемі қимыл-қозғалыста болуым. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстандым. Қазір де үй ішінде жүремін, - дейді ол.

Жәкібай әженің жұбайы Ғабит Бисенғалиев Ұлы Отан соғысынан 1-топ мүгедегі болып оралған. Екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген. Қазір жалғыз ұлынан үш немере, 6 шөбере сүйіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы