Бірнеше жылдан бері жауапты органдар Орталық базар маңындағы жабайы сауданы жөнге келтіре алмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Орталық базарға барсаңыз, көше толған жеміс-жидек пен киім-кешек. Ашық алаңда отырған сауда иелері ешбір тазалық нормаларын сақтамайды.
Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Талғат Болысбаевтың айтуынша, базар сатушылары заңсыз саудагерлердің үстінен арыз түсірген. Олар заңсыз отырғандар мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелмегенін, өнімдері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес емес екенін жеткізген.
Жыл басынан бері біз қалалық полиция басқармасы, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп, бірнеше мәрте заңсыз сауда жасап отырғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Алайда бұл шаралар нәтижесіз болып отыр. Яғни, заңсыз сауда жасаушылар рейд кезінде кетіп қалып, артынша белгілі бір уақыттан кейін қайта заңсыз сауданы жүзеге асыруда. Осы мәселеге сәйкес қала әкімдігі жуырда "Астана" сауда үйінің алаңынан 35 адамға орын ұсынды. Дегенмен заңсыз сауда жасаушылар әкімдік ұсынған орыннан бас тартып отыр,- дейді ол.
Ақтөбе қаласы Алматы аудандық №3 ҚПБ ЖПҚ бастығы Ерлан Еламановтың айтуынша, жуырда полицейлер рейд өткізіп, Уәлиханов, Ахтанов көшесінде заңсыз сауда жасап отырғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Тіпті, олардың бірқатарына әкімшілік хаттама толтырған.
Заңсыз сауда жасаушыларға бірінші рет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заңсыздық қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК мөлшеріне дейін көбейеді, - дейді ол.
Ең қызығы, жабайы сауда көшелерде қызып тұр. Ал өнімдерді тексеріп жатқан ешкім жоқ.