Ақтөбедегі үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі 2025 жылға қарай шешіледі

24 Қараша 2022, 18:02
2185
Бөлісу:
Ақтөбедегі үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі 2025 жылға қарай шешіледі

Соңғы жылдары Ақтөбе облысында балалар саны едәуір артқан. Осыған орай биыл өңірде 23 балабақша ашылып, қазір 19 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ облыста жаңа жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі білім беру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханмен әңгімелескен еді. Сонымен...

— Биыл жаңа оқу жылында оқу мерзімі ұзарды, бірқатар жаңашылдықтар болып жатыр. Сондықтан алдымен биылғы оқу жылындағы өзгерістерге тоқталсаңыз. 

— 2022-2023 жаңа оқу жылының ерекшеліктерінің бірі — балалардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын талаптарды күшейту, ерекше білім беруге қажеттігі бар білім алушылар үшін жағдай жасау. Сондай-ақ орта мектептерде оқушылардың пәнаралық дағдылары мен құндылықтарын қалыптастыруға және дамытуға, ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылады. 
Биыл Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына және оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсақ, бұрын жаңа модель аясында оқу бағдарламалары теория жүзінде болса, қазір ойын элементтері арқылы оқытылады. Бұл оқушылардың өз кезегінде білім алуға, пәнге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді.  
Сондай-ақ биыл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы «Орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» №363 бұйрығы негізінде Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылын ұйымдасқан түрде бастау, барлық қажетті шараларды қабылдау мақсатында арнайы бұйрық шығарылды. Осы бұйрыққа сәйкес,    

облыстағы орта білім беретін ұйымдарда 2022-2023 оқу жылы 1 қыркүйек пен 31 мамыр аралығында өтетін болады. Оқу жылының ұзақтығына келсек, 1-сынып оқушылары биыл 35 апта оқыса, 2-11 (12) сыныптарда оқу мерзімі 36 апта болып бекітілді. Оқу мерзімінің өзгеруіне байланысты биылғы оқу жылындағы каникулдардың да мерзімі ауысып отыр. Мәселен, 1-11 (12) сыныптар үшін күзгі каникул – 7 күн (2022 жылғы 31 қазан - 6 қараша аралығында), қысқы каникул – 9 күн (2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар аралығында), көктемгі каникул – 9 күн (2023 жылғы 18-26 наурыз аралығында) болып бекіді. Ал 1-сыныптарға берілетін қосымша каникул 7 күн, яғни, 2023 жылғы 6-12 ақпан аралығында өтпек. Жалпы орта мектептерде білім алушылар үшін демалыс күндерінің жиыны 192 күнді қамтиды. 
Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына сәйкес, сондай-ақ биыл екі топқа бөлініп оқытылатын пәндер (егер ауыл мектептерінде оқушы саны – 20, қала мектептерінде 24 оқушы болған жағдайда) қатарына қазақ тілді емес мектептердегі қазақ тілі, шетел тілі, технология, информатика кірді. Ал дене тәрбиесі, орыс тілі пәндері осы оқу жылынан бастап екі топқа бөлінбей оқытылуда. Сондай-ақ өңірімізде жаңа оқу жылынан бастап 416 мектеп бес күндік, 8 мектеп алты күндік оқыту жүйемен оқитын болады. Бұл жерде бірқатар мектептердің алты күн оқуының себебі, үш ауысымды болуында және орын тығыздығына байланысты болып отыр.

Ақтөбедегі үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі 2025 жылға қарай шешіледі

Сонымен қатар биылғы жылғы тағы бір өзгеріс — елімізде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар. Бұған байланысты биыл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы басшылыққа алынып отыр. Мәселен, мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде болуы керек, бірыңғай түс гаммасында және үш түсті араластыруға рұқсат етілген. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі. Ол күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ұлдардың мектеп формасы пиджак, жилет, шалбар, күнделікті жейдеден тұрса, қыздардың мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейдеден тұрады. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады. Осы жерде шалбарға қатысты айта кететін болсам, ұлдардың да, қыздардың да шалбары еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Сонымен қатар кейбір мектеп формасына білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін орналастыруға болады. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады. Бұйрық талаптарына сәйкес, мектеп формасының түсін, үлгісін таңдау, юбканың немесе сарафанның ұзындығын бекіту білім беру ұйымдарында құрылған қамқоршылық кеңес отырыстарында қаралып, анықталады. Және жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін өздері таңдап, сатып ала алады. Мектеп формасына жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарларды қосуға рұқсат етілмейді және түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін киюге тыйым салынады. Білім алушылар   белгіленген мектеп формасын сақтауға, ал ата-аналар және өзге заңды өкілдері білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті.

— Биыл Ақтөбе облысында қанша мектеп пен балабақшаның құрылысы жүріп жатыр? Жыл аяғына дейін қаншасы пайдалануға беріледі? 
— Бүгінде Ақтөбе облысында 574 мектепке дейінгі ұйым қызмет жасайды, олардағы контингент саны — 41 818 бала, оның ішінде мемлекеттік мекеме саны– 382 (156-сы — шағын орталық). Оларда 25 610 бала білім алады. Ал шағын орталықтардағы балалар саны — 3162. Сондай-ақ 16 018 контингенті бар 192 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым бар. Бір жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бүгінде 87,4 пайызға жетіп отыр. Ал 2 жастан 6 жасқа дейін балаларды балабақшамен қамту үлесі– 91 пайыз, 3 жастан 6 жасқа дейінгі көрсеткіш —100 пайыз.
Биыл Ақтөбе облысында 2412 орынға арналған 23 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Оның ішінде Ақтөбе қаласында 1878 орынға 20 балабақша пайдалануға берілді. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту жоспарын толық орындауға мүмкіндік берді.
Осы жылы 4680 орынға арналған 19 мектептің құрылысын жүргізу үшін бюджет есебінен 3,3 миллиард теңге бөлінді. Биыл жыл аяғына дейін 6 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде Есет батыр тұрғын үй алабында 900 орындық мектеп пайдалануға беріліп, білім мекемесі қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қазіргі таңда Батыс-2 тұрғын үй алабында 2620 орынға және №11 шағын ауданында 1000 орынға арналған жаңа мектептердің құрылысы жүргізілуде. 

Үш ауысымдық және орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында облысымызда 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асырады. Осы жоба аясында алдағы уақытта өңірімізде 18 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде перспективалық даму қарқыны жоғары шағын аудандар қатарында болуына орай Батыс-2, Батыс-3, Есет батыр және Есет батыр-3 тұрғын үй алаптарында 2000 орындық мектептер салынатын болады.

— Жоғарыда атап өткендей, өңірдегі үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі қашан шешіледі? 
— Бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша жалпы білім беретін 404 мектеп болса, олардың ішінде үш ауысымды мектептің саны биыл бестен 4 бірлікке дейін азайды. Яғни, бұл көрсеткіш — 0,9 пайыз. Ал апатты жағдайда оқытылатын мектептер саны – 4.
Бөлінген трансферттер шегінде биыл жылдың соңына дейін апатты мектептер саны 3-ке дейін азайтылуы керек. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Қалған үш ауысымды және апатты жеті мектептің мәселесі кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін толық шешіледі.

— Облыста қазір қанша оқушы бар? Биыл мектепке дейінгі ұйымдарға қабылданған балалардың саны қанша? Жыл сайын балалар санына қандай да бір мониторинг жүргізіле ме? Жалпы соңғы жылдары облыста балабақшаға қабылданатын бүлдіршіндердің саны артты ма? 
— Білім беру ұйымдарының барлығында жыл сайын оқушы контингентіне сараптама, мониторинг міндетті түрде жасалады. Жылдық есептер, электрондық ұлттық білім беру деректер қоры толтырылып, олар облыстық білім басқармасы мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында болады.
Бүгінде Ақтөбе облысында 574 мектепке дейінгі ұйым болса, оларда 41 818 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл мектепке дейінгі ұйымдар саны 15 балабақшаға көбейген. Биылғы жаңа 2022-2023 оқу жылында 174 526 контингенті бар 426 орта білім беру ұйымы өз жұмысын бастады. Оның ішінде 404-і — мемлекеттік жалпы орта білім беретін мектеп, 14-і — жеке мектеп, екеуі – кешкі мектеп, төртеуі – түзетімді мектеп, біреуі Назарбаев Зияткерлік мектебі, ал біреуі — спорт бағытында білім беретін мектеп-интернат-колледж. 

 

Ақтөбедегі үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі 2025 жылға қарай шешіледі


Биыл қыркүйек айында облыс бойынша 1-сыныпқа 19 704 оқушы қабылданды. Оның ішінде қазақ тіліндегі мектептерге қабылданған оқушылар саны – 14 516 немесе олардың жалпы санының 74 пайызы. Өткен жылға қарағанда биылғы оқу жылында 1-сынып оқушылары 863 балаға көбейіп отыр. Ал жалпы оқушылар саны 6096-ға артқан. 
2021-2022 оқу жылында облыста 427 мектепте 168 430 оқушы оқып, білім алса, 1-сыныпқа қабылданған балалар саны 18 841 болған. Осы көрсеткіштерге қарап, біз жыл сайын облыста балалар саны артып келе жатқанын көреміз. Әрине, бұл — көңіл қуантатын жағдай. Біз қай кезде де балалардың сапалы білім алып, тәрбие-тәлім алуына жағдай жасайтын боламыз. Ел болашағының жарқын болуы сапалы білім мен тәрбие алған ұрпақтың қолында десек, осы бастан біз олардың жан-жақты, заманауи талапқа сай білім алуын ұйымдастыру керекпіз. Бұл ретте Мемлекет басшысы да арнайы тапсырма беріп, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керектігін, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі түпкілікті шешілуі қажет екенін тапсырған болатын.

-Қазір бұрынғыдай емес, педагогтердің еңбегі оқушыларының жетістігімен анықталады. Соңғы кезде елімізде оқушыларды қамтитын конкурстар мен олимпиадалар көбейіп кетті. Көбісі ақылы түрде өтеді. Шын дарынның білімін анықтау үшін ақылы конкурстардан орын алуы міндетті ме? 
— «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығына (Білім және ғылым министрлігі бұған былтыр 25 мамырда толықтырулар енгізді) сәйкес мұғалімдерді аттестациялау кезінде комиссия аттестатталатын мұғалімнің және оның оқушыларының барлық жетістіктерін ескереді. Өткізілетін іс-шаралар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен ережелер мен келген хаттар негізінде жүзеге асырылады. Егер мектеп оқушысы олимпиадаға қатысатын болса, қазылар алқасының құрамына пән мұғалімдері кіргізілмейді. Әдетте қазылар алқасының жұмысын Ақтөбе өңіріндегі үш жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары орындайды. Ақылы іс-шараларға тоқталатын болсақ, облыста білім беру ұйымдарының базасында ақылы іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Бірақ цифрландыру заманында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ көптеген жекеменшік білім беру орталықтары оқушылар мен мұғалімдер арасында онлайн конкурстар мен олимпиадалар өткізеді. Жалпы оқушылар ақылы іс-шараларға ата-ана немесе демеушілік есебінен ерікті түрде қатыса алады, бұл жұмысты мұғалімдер үйлестіре алмайды және үйлестіруге болмайды.

-Қазіргі таңда елімізде ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлініп, балалардың салт-дәстүрімізді, тілімізді, тарихымызды білуге деген құлшынысын арттыруға байланысты жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғыда сіздердің басқармаларыңыз қандай бастамалар көтеріп жатыр? 
— «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов айтқандай, білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің ұрпақ келешегі үшін маңызы зор екендігі айқын. Өнер арқылы да ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді құрметтеу сезімі қалыптастырылады. Бүгінгі күні облыстың білім беру ұйымдарында «Дәстүр мен ғұрып» мектептері жұмыс жасайды. Сондай-ақ ұмыт бола бастаған бірегей тағамдар мен салт-дәстүрлерді, ұлттық қолөнер, зергерлік бұйымдар атауларын «Аналар мектебі» арқылы жандандыру жүзеге асырылып жатыр. Қазақтың ұлағатты сөздері мен бата-тілектерін, ұлттық ойындарын насихаттауды «Әкелер мектебі» ұйымдастыруда.
Сонымен қатар білім алушылардың шешендік сөз өнері дағдыларын және сендіру әдістерін, позитивті, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыру, өзекті мәселелерді көпшілік алдында талқылау мәдениетін, құрылымдық сұхбат пен пікірталасты жүргізу мәдениетін дамыту мақсатында «Ұшқыр ой алаңы» жалпыұлттық мәдени-білім беру мен балаларды театр өнері әлеміне тарту үшін «Балалар мен театр» ағартушылық жобалары жүргізілуде. Одан басқа, білім алушылардың зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету, патриоттық тәрбиені насихаттау мақсатында «Қоғамға қызмет», «Ашық жүрек» әлеуметтік волонтерлік жобалары мен «Мектеп немесе студенттік парламент» сияқты білім алушылардың өзін-өзі басқару органдары қызметі, «Жас сарбаз» әскери–патриоттық клубтарының жұмыстары жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ облысымызда білім алушылардың оқырмандық құзыреттілігі, оқу мәдениеті мен белсенділігін арттыру, ата-аналарды іс-шараларға тарту, мектеп жанындағы кітапханалардың жұмысын оңтайландыру, кітап қорын толықтыру, материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құралдармен жабдықтау аясында «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүргізіліп жатыр.

-Сондай-ақ облыста қараша айынан бастап жаңа жоба бастау алды. Өңіріміздегі шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған «БІЛІМ ALL» жобасы алдағы уақытта 10 575 оқушысы бар 120 шағын жинақты мектепті қамтитын болады. Бұрын білім көрсеткіші төмен болған бұл білім беру ұйымдарында ендігі жерде осы жоба аясында мамандар тапшылығы мәселесі шешіліп, балаларға сапалы білім мен тәрбие беру ісі қолға алынады. Сонымен қатар120 мектептің материалдық-техникалық база да күшейтіледі. Егер осы жоба облыста ойдағыдай жүзеге асырылса, алдағы жылдары қала мен ауылдағы білім деңгейін теңеседі. Бұл облыстың білім саласындағы көрсеткіштері мен жетістіктері көбейеді деген сөз.

— Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа қарсы, жалпы оқушылардың тәртібіне қатысты басқарма тарапынан қандай алдын алу шаралары жүргізілуде? Қазір қоғамда әр түрлі жағдайлар болып жатыр. Бұған не айтасыз?
— Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық – бұл қазіргі таңда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Аталған мәселе облыстық білім басқармасының тұрақты бақылауында және оның алдын алу мақсатында біз кешенді жұмыстар атқарып жатырмыз. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған мүдделі органдармен келісілген (құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалар) кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сай жұмыстар жүзеге асырылуда. Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыста білім беру ұйымдарында құқық қорғау органдары өкілдерінің (прокуратура, учаскелік инспекторлар) қатысуымен «Заң және тәртіп» тақырыбында кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Ата-аналардың, оның ішінде әкелердің жауапкершілігін арттырып, білім беру ұйымымен ынтымақтастықты нығайту мақсатында барлық білім беру ұйымдарында «Әкелер мектебі» құрылып, қазір олардың филиалдары жұмыс жасауда. Әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасылық білім беру» атты ата-аналарға арналған оқыту семинарлары өткізіледі. Сонымен қатар басқарманың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Құқықбұзушылыққа жол жоқ!» жобасы да жүзеге асырылуда. 
Жобаны жүзеге асырудағы негізгі мақсат — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, балаларға психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек көрсету, олардың проблемаларын шешу жолдарын қарастыру. Бұл жоба аясында білім беру ұйымдарында мектепішілік есепке алынған, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың есебінде тұрған, құқықбұзушылыққа бейім жасөспірім ретінде «Тәуекел» тобының есебіне алынған мектеп оқушылары мен колледж студенттері қамтылады.  
Жоба шеңберінде мектептерде «Әр күн спортпен шұғылдан!» атты акция, облыс аудандарында спорттың 10 түрінен спорттық шаралар, Ақтөбе қаласының көрікті жерлеріне экскурсиялар, танымал кәсіпкерлердің қатысуымен оқу-танымдық сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ, жасөспірімдерге жеке педагогикалық-психологиялық кеңестер беріледі. Биыл жаңа оқу жылынан бастап облыста оқушылар үшін бірқатар профилактикалық жұмыстар ұйымдастыру қолға алынды. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Ақтөбе қаласындағы №6, №14, №16, №22, №29, №31, №36, №38, №40, №42, №53, №62, Байғанин ауданындағы №3 Қарауылкелді, Қобда ауданының Сарбұлақ, Қобыланды, Мұғалжар ауданының Қандыағаш қалалық №3, Ембі қалалық №1, №2 орта мектептерде 3 қазаннан бастап оқу жылының аяғына дейін ата-аналар кезекшілігі жүргізілетін болды. Сондай-ақ 5-11 сынып оқушылары мен ата-аналарының өзара конструктивті қарым-қатынасын дамытуға бағытталған «Бақытты отбасы» бағдарламасын енгізу бойынша да қазір шаралар қабылдап жатырмыз. Түптеп келгенде, мұның бәрі оқушылардың тәртібін қадағалау, олардың жаңсақ қадам жасап, қателеспеуіне, құқықбұзушылыққа бармауына қатысты жасалып жатыр. Сондықтан бұл бастамаларды мектеп те, ата-аналар да қолдауы керек. Оқушыларға осының мәнін түсіндіру қажет.  

Бүгінде облыс көлемінде құқық қорғау органдары, ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жеке кездесулер, сондай-ақ, білім беру ұйымдарында әкелер кеңесінің, танымал азаматтардың (спортшылар, қоғам қайраткерлері) қатысуымен ер балалар кеңестері, кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікіралмасулар ұйымдастырылуда. 

Жаңа айтып өткенімдей, білім беру ұйымдары тарапынан құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында  жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Дегенмен де баланың алғашқы тәрбие алатын орны отбасы екенін естен шығармауымыз керек. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтылмаған. Міне, сондықтан да ата-аналар да алдын алу шараларына өз үлестерін қосуы керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп суарсаң ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – ата-ана мен ұстаздың міндеті.  
Әр ата-ана баласына беріп жатқан тәрбиесін, оның бос уақытының ұйымдастырылуы мен қоғамдағы орны туралы ойласа, біз тәрбиелеп жатқан жасөспірім ешқандай келеңсіздікке ұшырамайды деп ойлаймын. Сондықтан алдағы уақытта осы мақсатта қолға алынған барлық жұмыстарға, іс-шараларға ата-аналар тиісті деңгейде атсалысса екен деген тілегім бар.

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы