Ақтөбедегі "сақалды" құрылыстар жыры қашан бітеді?

Бөлісу:
Ақтөбедегі "сақалды" құрылыстар жыры қашан бітеді?
Фото: автордан

Бүгінде Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған 6 әлеуметтік нысан бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысында жалпы саны 17 "сақалды" құрылыс болған. 2023 жылы оның 4-еуі пайдалануға берілсе, былтыр 7 нысанның құрылысы аяқталды. Алайда әлі күнге дейін құрылысы бітпей тұрған алты нысан бар. Олар - Ақтөбе қаласына қарасты Шилісай ауылындағы орта мектеп, туберкулезге қарсы диспансер, Мұғалжар ауданы Ащысай ауылындағы 60 орындық мектеп, Хромтау қаласындағы спорт кешені және Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов ауылындағы спорт кешені.

Биыл екі мектеп пен спорт кешені ашылады

Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, жол картасына сәйкес аталған нысандардың ішінде үшеуінің құрылысы биыл аяқталуы керек.

 Биыл жыл соңына дейін Шилісай және Ащысай ауылдарындағы мектептер мен Хромтау қаласындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Қалған нысандар келер жылға қалады. Себебі олардың құрылысын жүргізуде проблемалар бар. Мәселен, туберкулезге қарсы диспансер ғимаратын салу-салмау мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ғимараттың орнына басқа аурухананы салуды ұсынып отыр. Себебі қазір облыста туберкулезбен ауыратын науқастар саны азайған. Басқарма мамандары өңірде қандай ауру өршіп тұр, соған талдау жасап жатыр, - дейді Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, аталған диспансердің құрылысы 2016 жылы қолға алынған. Бұл - өте қымбат жоба. Сол сияқты Хромтау қаласындағы спорт кешенінің құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Кешенді салуға сол кезде "Қазхром" ТҰК" акционерлік қоғамы қаражат бөлген. Алайда компания бөлген қаражат жетпей, құрылыс материалдарына бюджеттен ақша қарастырылған. Өкінішке қарай, пандемия кезінде материалдардың бағасы өсті. 

Сол себептен жобаға түзету енгізіліп, қазір нысан құрылысы қайта қолға алынып жатыр. Жалпы бір жылда барлық "сақалды" құрылысты аяқтау мүмкін емес. Себебі бұл бюджетке қатты салмақ түсіреді. Сондықтан құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтап, пайдалануға беру үшін уақыт керек, оған қаражат табу қажет. Ал бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Барлық нысанның жобалық-сметалық құжаттары қайта жасақталады.

 Қазір облыстағы "сақалды" құрылыстарды пайдалануға беруде өзге өңірлерден келген мердігер мекемелер мәселе тудыруда. Олар тендер ұтып алғанымен, не техникасы, не жұмысшылары жоқ болып шығады. Содан өз жұмысын уақытылы, сапалы жасамайды. Біз бұдан кейін оларға талап қойып, арадағы келісімшартты бұзамыз. Кейін қайтадан мердігер анықтау үшін көп уақыт керек. Қазір біз министрлікке мердігерлерге қатысты заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдар беріп жатырмыз. Атап айтсақ, облыстағы нысандарды салуға жергілікті мердігерлерді тартуға ұсыныс жасадық. Себебі өзге облыстардан келген мердігер ұйымдармен жұмыс жасау өте қиын. Екі жыл кепілдігі болса да, олар жобаны тапсырған соң басқа облыстан бізге қайта келмейді. Мысалы, ғимараттың төбесінен су ақса, өзге облыстың компаниялары мұнда келіп болмайды, - дейді ол.

Аслан Жарасбаевтың айтуынша, аталған алты нысаннан бөлек, бүгінде Ақтөбе облысында жол картасына кірмеген тағы бірнеше жоба бар. Олардың бірі - Байғанин ауданы Оймауыт ауылындағы мектеп-балабақша ғимараты. Бұрын бұл жобаны мердігер компания - "Абай Б" ЖШС қолға алып, құрылысты аяқтамай тастап кеткен. Кейін бұл жобаға түзету енгізіліп, қазір жобалық-сметалық құжаттары қайта қарастырылып жатыр. Жаңа мердігер анықталып, келер жылы аталған мектеп-балабақша ғимараты пайдалануға берілмек.

Жол картасына кірмеген нысандар қатарында Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы "Самал" шағын ауданындағы 600 орындық мектептің ғимараты бар. Бұл нысанның құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады.

 Ал үшінші нысан - Ақтөбе қаласы "Батыс-2" шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Құрылысы 2021 жылы басталған бұл кешен мүгедектерге арналған. Мұнда параолимпиадаға қатысатын спортшыларымыз жаттығады. Кешен биыл қыркүйек айына дейін қолданысқа беріледі, - дейді ол.

Жосықсыз мердігерлер жұмысы

Сондай-ақ облыстағы проблемалы нысандардың қатарында бірқатар көпқабатты үйлер де бар. Солардың бірі - Хромтау қаласындағы №22 кварталда орналасқан 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы. Бүгінде бұл үйдің құрылысы аяқталып тұр, қазір сотта мердігер мекеме жұмысын қабылдау бойынша құжаттар қаралып жатыр.

Екінші нысан - Ойыл ауданы Ойыл ауылындағы 8 пәтерлі екі тұрғын үй. Бұл үйлердің құрылысын "Нұр Құрылыс Болашақ" компаниясы аяқтамай қалдырып кеткен. Қазір бұл жобаға да түзету енгізіліп жатыр, мердігер жосықсыз деп танылған. Биыл екі үйдің де құрылысы аяқталады.

"Нұр Құрылыс Болашақ" компаниясы құрылысын аяқтамай тастап кеткен Алға ауданындағы 60 пәтерлі бес қабатты арендалық тұрғын үй де биыл жыл соңында пайдалануға беріледі. Ал құрылысы 2018 жылы басталған Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы №52 үй қазір дайын тұр. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі керек. Жалпы, биыл Ақтөбе облысында 80 нысан салынады. Оның 66-сы былтырдан қалған нысандар болса, қалғаны - жаңадан басталатын құрылыстар. Қазіргі таңда өңірде қаржысы бөлініп, құжаттарына түзетулер енгізілетін, сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттары жасалып, болашақта салынатын 47 нысан бар. Олардың қатарында 35 мың адамға арналған стадион, 5 мың адамға арналған спорт кешені, 700 орындық театр мен үлкен саябақ бар. Бұл төрт жоба да "Алтын орда" шағын ауданында салынады. Болашақта бұл аудан қаланың нағыз орталығына айналады, - дейді Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданында салынып жатқан 150 орындық оңалту орталығының құрылысы да биыл аяқталады. Қазір нысан құрылысының 60 пайызы бітіп тұр. Бұл жобаға бюджеттен қаржы бөлінген.

Сондай-ақ алдағы жылдары осы жаңа ауданда ерекше балаларға арналған балабақша да салынады. 300 орындық нысанның құны - 8 млрд теңге. Көзі көрмейтін, омыртқасында кемістігі бар, құлағы естімейтін ерекше балаларға арналған орталық 6 корпустан тұрады. Ішінде медициналық жабдықтары, ойын алаңдары, асханасы, арнайы бөлмелері, бассейні, жатын орны бар нысанның құрылысын жүргізу үшін бүгінде мердігер мекеме анықталып жатыр.

Ақтөбе облысында "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 14 мектептің құрылысы қолға алынған болатын. Оның екеуінің құрылысы аяқталды. Олар - Есет батыр тұрғын алабындағы 2 мың орындық орта мектеп пен Ақжар-2 ауылындағы 300 орындық мектеп. Ал қалғандары биыл жыл соңына дейін аяқталатын болады. Оңтүстік-батыс ауданындағы мектептің құрылысы енді басталады, - дейді Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында қоршаған ортаны қорғау және мемлекеттік органдар нысандарын дамыту бойынша бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Бұл орайда биыл мемлекеттік органдар үшін 4 нысанның құрылысы аяқталады. Олардың ішінде Матай, Әлімбет ауылдары мен Қандыағаш, Ақтөбе қалаларындағы маңызды нысандар бар.

2025 жылы Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жалпы саны 65 нысанның құрылысы мен іске қосылуын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл жобалар облысымыздың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуында маңызды рөл атқарады, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Тубдиспансердің орнына не салынады?

Ақтөбеде салынып жатқан туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы қазір тоқтап тұр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл нысанның қазір ақтөбеліктерге қажеті болмай тұр. Себебі науқастар саны азайған, сондай-ақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба құны бірнеше есеге артқан. Ал бұл мәселелер медициналық мекеме құрылысын аяқтауға тұсау болып отыр.

 300 орынға арналған нысанның құрылысын жүргізуге бюджеттен 499 миллион теңге жұмсалған. Алайда құрылысы біраз жылдан бері тоқтап тұр. Біз бұл мәселені қарап, талқылап жатырмыз. Шешімін табатын боламыз, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев.

Сонымен облыста туберкулезге қарсы диспансердің орнына қандай нысан салынатыны белгісіз. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені назарға алған, дегенмен нақты шешім шығарылмаған.

Осы тұста айта кету керек, былтыр Ақтөбе облысында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттанушылықтың 3,2 пайызға артқан және 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 29,3-ке жетіп отыр. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша туберкулезден өлім көрсеткіші 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда 0,5-ті көрсетіп отыр.

Баспанасы жоқ ақтөбеліктердің тілегі

Ақтөбе облысындағы ең бір өзекті мәселе - баспанамен қамту. Өйткені бүгінде 35 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде тұрғын үй кезегіндегі жастардың саны 15 мыңнан асады. 2023-2024 жылдары облыста "Ақтөбе жастары" тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 120-ға жуық жас отбасы жеке баспанасына қол жеткізді. Алайда бұл көрсеткіш сұраныстан өте аз.

Жалпы, үйі жоқ ақтөбеліктерді баспанамен қамтуда өңірде бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа шағын аудандарда салынып жатқан тұрғын үйлер де көп. Дегенмен бұл жобалар баспанасыз жүргендерді толық қамти алмайды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, былтыр өңірде 950 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша 964 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалыпты.

2024 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 398,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 119,1 пайызды құрайды. Сондай-ақ былтыр облыс бойынша 140-тан астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп, олардың 81-і пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге, ал 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық. Бұл орайда биыл Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бекіткен бюджеті - 49,2 миллиард теңге. Нақтырақ айтсақ, бұл қаржының 27,1 миллиард теңгесі - Ұлттық қор есебінен, 4,3 миллиард теңгесі - республикалық бюджеттен, ал 17,8 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Бұл қаржы тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалатын болады, - дейді Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, биыл өңірде 965 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар несиелік тұрғын үйлер есебінен 142 мың шаршы метр немесе 1857 пәтер қолданысқа берілмек. Бұл тұрғын үй жобалары Алға қаласы мен Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын алабында жүзеге асырылмақ.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жанат Ізбақова - баспанасыз жүргендердің бірі. Ол 6-7 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған. Алайда әлі күнге дейін жеке баспанасына қол жеткізе алмай жүр.

 Бірнеше жылдан бері облыста тұрғын үй кезегінде тұрмын. Дегенмен кезегім әлі келмеді. Әзірге отбасыммен пәтер жалдап тұрамыз. Пәтерақыға айына 130 мың теңге төлеймін. Тездетіп өз баспанамызға қол жеткізсек деп армандаймын. Өзім білім беру саласында жұмыс істеймін, - дейді ол.

Р.S.: Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл өңірдегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына бюджеттен жалпы көлемі 433,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл нысандардың қатарында білім беру саласындағы ауыспалы 22 нысан мен жаңадан бой көтеретін 3 нысанның, денсаулық сақтау саласындағы 3 нысанның, мәдениет саласы бойынша 2 нысанның, спорт саласындағы 9 нысанның, әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша 2 нысанның, сондай-ақ төтенше жағдайлар саласы бойынша 2 нысанның құрылысы бар.

Өзгелердің жаңалығы