Ақтөбедегі «сақалды» құрылыстар қашан пайдалануға беріледі

20 Тамыз 2024, 15:12
397
Бөлісу:
Ақтөбедегі «сақалды» құрылыстар қашан пайдалануға беріледі
Фото: BAQ.KZ -архив

Ақтөбе қаласында 8 нысанның құрылысы бірнеше жылдан бері әлі жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Серік Әбдрешовтің айтуынша, биыл жыл басында Ақтөбе қаласының аумағында құрылысы ұзаққа созылған 12 нысан болған. Жуырда оның 4-еуі қолданысқа берілген. Олар - Есет батыр ауданындағы 320 орындық балабақша, «Арайлы» және «Космос» тұрғын үй кешендері, Ақтөбе қаласындағы кафе-дүкен.

Бұдан бөлек, қазір қала аумағындағы 3 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда бір нысан іске қосылады. Сондай-ақ бүгінде Есет батыр көшесіндегі монша кешені мен Батыс-2 ауданындағы көп қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасуда. Қалған нысандардың түрлі себептерге байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды. Жалпы, осы және өзге де нысандар бойынша біздің басқарманың қызметкерлері биыл 41 сот отырысына қатысты. Қазіргі біздің басты мақсат - облыстағы «сақалды» құрылыстардың мәселесін шешіп, олардың халық игілігіне берілуін қадағалау, - дейді Серік Әбдрешов.

Оның айтуынша, биылғы 6 айда облыста сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында тіркелген бұзушылықтар бойынша азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 143 хаттама жасалған. Нәтижесінде заң бұзған азаматтарға 35 млн теңге айыппұл салынған. Бүгінде оның 86 пайызы, яғни 30 млн теңгесі өндірілген.

Биыл әкімшілік жауапкершілікке 53 құрылыс салушы, 6 жобалау ұйымы, 24 мердігер ұйым, техникалық қадағалау қызметтерін жүзеге асыру бойынша 5 аккредиттелген ұйым, 2 сараптама ұйымы тартылды. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша 705 хабарлама қабылданды, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы