Ақтөбедегі коммуналдық мекемелер жылу беру маусымына дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Асхат Шахаров Есет батыр тұрғын алабындағы"Ақтөбе Сити-2" қазандығының құрылыс алаңында болды.
Мердігер ұйым – "Қазтеплоэнергомонтаж" серіктестігі. Жоба бойынша құрылысы 2018 жылы басталған қазандық тұрғын алаптағы 1, 2 және 3 шағын аудандардағы 90 тұрғын үйді, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларды, спорт кешендерін жылу және ыстық сумен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 6 қазандық пен 4 қазандық сорғысы толығымен орнатылған.
Мамандар "ДУ-500" коллекторларын жылу алмастырғыш құбырмен қамтамасыз етуде. Қазір бір қазандық жұмыс істеп тұр, қалғандары — резервте. Бүгінде қазандық пайдалануға беру туралы келісімшарттың бұзылуына байланысты қала балансына өткен.
Облыс басшысы құрылыс-монтаж жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды.