Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Бірсуат арнасында балықтың жаппай қырылуы тіркелді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, суда қырылған сазан, шортан, алабұға, табан балықтары мен жағалауға жиналған шабақтар көп.
Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, арнада қалып қойған балықтар су деңгейінің күн сайын төмендеуіне байланысты қырылып жатыр.
Арнадағы су көлемі азайып барады. Бұл – басқа су көздерінен су келмейтін шағын арна. Жақын арада арнаны тазарту жұмыстары жүргізіліп, қажетті су сынамалары алынады, – деп хабарлады аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі.
Мамандар қазіргі уақытта Бірсуат арнасынан су сынамаларын алып, балықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тобыл–Торғай өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, пайдаланушыларға бекітілмеген су айдындарын бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.