Ақтөбе қаласындағы автовокзалдардың жағдайы сын көтермейді, мұнда жолаушыларға жағдай жасалмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда облыстық мәслихатта өткен комиссия отырысында депутаттар осы мәселені талқылады.
Облыстық мәслихат депутаты Серік Әліповтің айтуынша, «Сапар» және «Экспресс» автовокзалдарында жолаушыларға жағдай жасалмаған. «Сапар» автовокзалына көп жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Нысан аумағында субұрқақ, жасыл желек жоқ. Тіпті, күту залында орындықтар саны аз, болса да қыста салқын, себебі темірден жасалған.
Қазір автовокзалдың іші тозып тұр. Жолаушылар үшін алғашқы медициналық көмек көрсету пункті жоқ. Кафе жұмыс істемейді. Көлік күтіп тұратындарға ешқандай жағдай жасалмаған. Осыларды ескеріп, нысан иесі жұмыс істеуі керек, — дейді ол.
Депутаттың айтуынша, қала бойынша «Экспресс» автовокзалына қатынайтын қоғамдық көлік жоқ. Мұнда тек таксимен немесе жеке көлікпен ғана келуге болады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, «Сапар» автовокзалының ғимараты 1981 жылы қолданысқа берілген. Мұнда тәулігіне 300 жолаушыны қабылдайтын касса залы, жүк сақтау бөлмесі және шағын дүкен бар. Автовокзалдан күн сайын 3 халықаралық, 7 облысішілік автобус қатынайды.
«Экспресс» автостанциясы 2005 жылы салынған. Күту залы — 100 адамдық. Бұл жерден «Ақтөбе-Самара», «Ақтөбе-Орынбор», «Ақтөбе-Орск», «Ақтөбе-Казань» бағыттарына аптасына және күн сайын автобустар жүреді. Ал Орал, Қызылорда қалаларына облысаралық рейстер күн сайын қатынайды. Соңғы кезде жолаушылардың аздығынан автостанция қаржылық қиындықтарға тап болуда. Мұнда жазда ғана жолаушылар көбейеді, — дейді А.Қайыр.