Ақтөбеде жөндеуге тапсырылған алтындарды ломбардқа өткізген зергер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полицияға Орталық базар аумағында орналасқан зергерлік шеберханалардың біріндегі зергерге қатысты азаматтардан арыз-шағымдар түскен.
Түскен ақпаратты тексеру барысында жедел қызметкерлер зергерлік шеберхананың қызметкерін анықтап, ұстады.
Анықталғандай, күдікті клиенттерден алтын бұйымдарды жөндеуге немесе зергерлік әшекей жасауға аламын деген желеумен қабылдаған. Кейін ол алынған бағалы бұйымдарды ломбардтарға өткізіп, түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта ұсталған адамның 20 алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 12 миллион теңгеден асады, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде iPhone ұрлаумен айналысқан бойжеткендер ұсталғанын хабарладық.